АҚШ Иранның ядролық нысандарына шабуылдады

Qaz365.kz редакциясы

Халыққа үндеуінде АҚШ президенті Дональд Трамп «Иран бейбіт келісім жасауы керек»деп мәлімдеді,

Getty Images

АҚШ Иранның ірі үш ядролық нысанын бомбалады. Халыққа үндеуінде АҚШ президенті Дональд Трамп «Иран бейбіт келісім жасауы керек»деп мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Барлық ұшақтар Иран әуе кеңістігін тастап шығып, сәтті түрде өз базаларына қайтып бара жатыр. Америкалық ұлы жауынгерлерімізді құттықтаймын. Мұндай операцияны әлемде ешбір армия орындай алмас еді. Енді бейбітшілік уақыты келді, — делінген жазбада.

IRNA Иранның ядролық қауіпсіздік басқармасы соққылардан кейін осы үш ядролық нысанда радиациялық ластанудың белгілерін анықтамағанын хабарлаған. Басқарма сондай-ақ нысан маңында тұратын азаматтарға қауіп жоқ екенін мәлімдеген.

БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш бұл жағдайға байланысты мәлімдеме жасап, АҚШ-тың әрекетін «қауіпті эскалация» деп атап, жағдайдың ушығып кетуі мүмкін екенін ескертті.

Иран атом энергиясы жөніндегі агенттік АҚШ-тың ядролық нысандарға соққысынан кейін уран байытуды доғармайтынын мәлімдеді.

Reuters агенттігінің деректеріне сүйенсек, операцияға B-2 Spirit стратегиялық бомбалаушы ұшақтары қатысқан. Олар жер астындағы нығайтылған нысандарды жоюға арналған өте қуатты бомбаларды тасымалдай алады. Шабуылға дейін бірнеше сағат бұрын олардың бағыты ашық дереккөздер арқылы бақыланған – ұшақтар АҚШ-тан Гуам аралындағы базаға қарай ұшқан.