"Қағаз жүзінде – мемлекеттік": ChatGPT неге қазақ тілі әлі де билік тіліне айналмағанын түсіндірді

Nur-Altay Umirzak

ChatGPT-ке қазақ тілінің болашағы мен қолданысы туралы сұрақ қойылды

Фотоколлаж

Елімізде мемлекеттік тіл мәртебесіне ие қазақ тілінің болашағы мен қолданысы туралы Qaz365.kz редакциясы ChatGPT-ке сұрақ қойды. Мақсат — Қазақстанда қазақ тілі тек Конституцияда ғана емес, нақты өмірде де нағыз мемлекеттік тіл ретінде қолданыла ма, жоқ па — соны анықтау.

Сонымен қатар редакция ChatGPT-ке:

«Қазақстан үкіметі қазақ тілінің шынайы мемлекеттік тілге айналуына жеткілікті жағдай жасап отыр ма?» – деген сауал жолдады.

Қағаз жүзінде – мемлекеттік

Нейрожүйе берген жауабында Қазақстанда қазақ тілі заң жүзінде мемлекеттік мәртебеге ие болғанымен, шын мәнінде ол мәртебе толық жүзеге аспай отырғанын айтты:

«Қысқаша айтқанда — жартылай ғана, жүйелі түрде емес. Мәселе бірнеше қабаттан тұрады: заң бар, бірақ саяси ерік пен нақты іске асыру жетіспейді. Мемлекеттік органдар қазақ тілін дамытуы тиіс, бірақ бұл көбіне жай мәлімдеме болып қалады. Орыс тілі іс жүзінде тең дәрежеде қолданылады», – дейді ChatGPT.

Саяси ерік пен институционалдық инерция

ChatGPT пікірінше, 2011–2020 жылдарға арналған «Тілдерді дамыту мемлекеттік бағдарламасы» секілді жобаларға қарамастан, саяси элита тарапынан жүйелі әрекет байқалмайды:

«Министрлер, депутаттар мен әкімдер әлі күнге дейін жиі орыс тілінде сөйлейді. Сот, денсаулық сақтау, құқық қорғау салаларында қазақ тілі тек аударма түрінде ғана қолданылуы мүмкін».

Қалаларда қазақ тілі – екінші қатардағы тіл

Сонымен қатар нейрожүйе үлкен қалалардағы шынайы әлеуметтік тәжірибеге назар аударды:

«Қазақ тілі медиа, кино, жарнама мен цифрлық кеңістікте үстем емес. Алматы, Астана мен Қарағандыда орыс тілі басым. Қазақ тілін білсе де, адамдар оны ресми ортада қолданудан тартынады. Бұл тілдің институционалдық беделінің төмендігін көрсетеді».

Үкімет мәселенің тереңдігін түсіне ме?

Бұл сауалға ChatGPT жауапты сыни түрде берді:

«Формалды түрде — иә. Бірақ түбегейлі реформа жасауға батылдық жоқ. Мысалы, мемлекеттік қызметке орналасу кезінде қазақ тілін білу міндетті талап емес. Көбіне қазақ тілінің дамуы “табиғи процесс” деп сипатталады, бұл — жауапкершіліктен жалтарудың бір түрі».

Нағыз мемлекеттік мәртебе үшін не істеу керек?

Нейрожүйе нақты шешімдер де ұсынды:

  • Заңдарды күшейту, талаптарды нақтылау;

  • Саяси элитаның қазақ тіліне толық көшуі;

  • Идеологиялық емес, прагматикалық көзқарас: патриоттық ұран емес, нақты тілдік орта құру.

Тіл – тек мәдениет мәселесі емес

ChatGPT ойын былай қорытты:

«Қазақ тілінің тағдыры — жай ғана мәдени мәселе емес. Бұл — ұлттық қауіпсіздік, мемлекеттік тұтастық пен болашақ ұрпақтың рухани тәуелсіздігінің мәселесі».