Бакудегі «Sputnik Азербайджан» ақпарат агенттігі жабылып қалды

Qaz365.kz редакциясы

Әзербайжан мен Ресейдің қарым-қатынасы шиеленіскен тұста «Sputnik Азербайджан» ақпарат агенттігі жабылып қалды

Ашық дереккөзден

Ресей тарапы бұл шешімді Бакудегі Sputnik редакциясы қызметкерлерінің ұсталуымен байланыстырды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

«Бүгінде бұл елде қызметті жалғастыруға жағдай жоқ», – деп мәлімдеді «Россия сегодня» мемлекеттік медиатобының бас директоры Дмитрий Киселев. Бұл туралы DW жазады.

Киселевтің айтуынша, әзербайжандық құқық қорғау органдарының әрекеттерінің «ешқандай заңды негізі жоқ».

Киселев айтып отырған ұстау оқиғалары 30 маусымда болды. «Sputnik Азербайджан» редакциясында тінту жүргізіліп, нәтижесінде агенттік директоры Игорь Картавых пен бас редактор Евгений Белоусов қамауға алынды. Оларға алаяқтық, заңсыз кәсіпкерлікпен айналысу және қылмыстық жолмен алынған мүлікті заңдастыру айыптары тағылып отыр. Әзербайжандық БАҚ ұсталған екі азаматты ФСБ агенттері деп атап, олардың жасырын жұмыс істегенін хабарлайды.

Айта кетейік, Әзербайжан билігі осы жылдың ақпан айында-ақ агенттік қызметіне ел аумағында тыйым салған болатын.

Мәскеу мен Баку арасындағы қарым-қатынас тағы да шиеленісе түсті. Бұл 27 маусымда Екатеринбургте әзербайжан азаматтарына қарсы рейд жүргізілгеннен кейін басталды. Бакудің мәліметінше, сол кезде екі адам «қатыгездікпен өлтірілген». Бұған қоса, Кремль осыған дейін Бакудің 2024 жылдың желтоқсанында Грозный маңында Azerbaijan Airlines ұшағының атып түсірілуіне байланысты Ресейдің кінәсін мойындауды талап еткен үндеуіне жауап бермеген.