Ресей Қазақстандағы 3 млн этнкалық орыс ұлтын қайтарғысы келеді

Qaz365.kz редакциясы

2006 жылдан 2024 жылға дейін бұл бағдарламамен 1,2 миллион адам Ресейге көшіп барған.

Фото: Максим Морозов/inbusiness.kz

Ресей демографиялық жағдайын реттеуге тырысып жатыр. Сондықтан ТМД елдеріне көшіп кеткен отандастарын қайтаруға ниетті, деп хабарлайды Qaz365.kz

«Версия» басылымының сарапшылары демографиялық құлдырау жағдайында бұрынғы Кеңес Одағы елдері Ресей үшін халық ағынын қамтамасыз ететін негізгі резерв болып отырғанын айтқан. Алайда мәдени айырмашылықтарға байланысты Ресейде барлық мигранттарды жылы қабылдай бермейді. Осыған байланысты, Ресей 2006 жылдан бері іске асырып келе жатқан отандастарды қоныс аударту бойынша мемлекеттік бағдарлама арқылы қалауы бар азаматтар легін қалыптастыруға тырысып отыр. Бірақ бұл бағдарламаға қатысушылар саны жылдан-жылға азайып келеді.

Ресми деректерге сүйенсек, 2006 жылдан 2024 жылға дейін бұл бағдарламамен 1,2 миллион адам Ресейге көшіп барған. Дегенмен соңғы алты жылда бұл көрсеткіш тұрақты түрде төмендеп отыр: 2019 жылы 108,6 мың адам болса, 2024 жылы 31,7 мың адамға дейін азайған.

Тіл білу – кедергіге айналды

Мамандардың айтуынша, бұған себеп болған факторлардың бірі – репатрианттарға қойылатын талаптардың күшеюі. 2023 жылдан бастап Ресейге барғысы келетіндерге орыс тілін меңгеру бойынша тексеру енгізілді. Алайда сынақ нәтижесі олардың бәрі бірдей тіл білмейтінін көрсетті: берілген 8,4 мың өтініштің тек 3,6 мыңы ғана мақұлданған.

Отандас па, бөтен бе?

Бағдарламаның бастапқы мақсаты – бұрынғы КСРО немесе Ресей империясы аумағында туған, Ресеймен мәдени байланысын сақтап қалған азаматтар мен олардың ұрпақтарына қолдау көрсету болатын. Бірақ бұл байланысты дәлелдеуді талап етпегендіктен, уақыт өте келе ресейлік мәдениетке тиістілігі күмән тудыратын азаматтар да жеңілдіктерді пайдалана бастады.

2022 жылдың ақпанында бұл мәселе Калуга облысының бағдарламадан шығуымен айқын көрінді. Облыс губернаторы Владислав Шапша аталған шешімді Орталық Азиядан келген азаматтарға жеңілдетілген азаматтық берудің жолын жабу қажеттілігімен түсіндірді. Облыс билігінің мәліметінше, бағдарлама аясында аймаққа 2007 жылдан бері 90 мыңнан астам адам қоныс аударған. Алғашқы жылдары олардың 80%-ын славян халықтары құраса, 2022 жылға қарай бұл көрсеткіш 17%-ға дейін төмендеп, басым бөлігі Орталық Азия мен Кавказдан келгендерге тиесілі болған.

Қазақстаннан – тұрақты ағым

Соңғы жылдары Ресейге бағдарлама аясында ең көп қоныс аударушылар Қазақстаннан шығып отыр. 2024 жылы – 11,1 мың адам, бұл басқа елдермен салыстырғанда әлдеқайда жоғары көрсеткіш. Бұл заңды да: Кеңес Одағы ыдыраған кезде Қазақстан халқының жартысына жуығын орыстар құраған.

2009 жылы елдегі орыстардың саны 3,8 миллион болса (жалпы халықтың 23,7%-ы), 2021 жылы бұл көрсеткіш 3 миллионға жуық болды (15,54%). Бұл жылдары орыстардың біртіндеп Ресейге қоныс аударуы жүріп отырған. Алайда 2022 жылы Ресейден Қазақстанға жаппай релокация басталып, бұл үдеріс уақытша кері айналғандай болды. Алайда бұл жерде де нақты дерек жоқ. Кей есептерге қарағанда, Ресейден Қазақстанға 80 мың адамға дейін көшіп келген. Дегенмен олардың қаншасы кейін қайта оралды, ұлты қандай – бұл жағы белгісіз.

Қанша адам көшіп келуі мүмкін?

Осы деректер негізінде Қазақстаннан Ресейге көшуі мүмкін отандастар саны шамамен 3 миллион адам деп бағалануда. Алайда бір маңызды жайт бар: Қазақстандағы орыс диаспорасы негізінен егде жастағы адамдардан тұрады. Олардың көпшілігі көшуге құлықсыз болуы мүмкін. Сарапшылардың есебі бойынша, Қазақстандағы орыстардың орташа жасы – 44 жас, ал қазақтардың орташа жасы – 23 жас.