АҚШ 150 елдің тауарларына жаңа импорттық баж салығын енгізуді жоспарлап отыр

Qaz365.kz редакциясы

Президенттік қызметке қайта кіріскелі Трамп сыртқы сауда саясатын қатаңдата бастады.

Pixabay.com

АҚШ билігі экономикасы шағын шамамен 150 елден келетін тауарларға бірыңғай импорттық баж салығын енгізбек. Бұл туралы АҚШ президенті Дональд Трамп Real America’s Voice телеарнасына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Біз қалған елдер үшін бір ғана мөлшерлемені жариялаймыз. Олардың саны шамамен 150. Ол 10 немесе 15 пайыз болады. Әлі нақты шешім қабылданған жоқ, бұл – ауқымды бастама, – деді Трамп.

Президенттік қызметке қайта кіріскелі Трамп сыртқы сауда саясатын қатаңдата бастады: ол Мексика мен Канададан келетін импортқа баж салығын енгізіп, Қытайдан келетін тауарларға тарифтерді көтерді, сондай-ақ болат, алюминий және автокөлік өнімдеріне жаңа алымдар салды.

2 сәуірден бастап АҚШ-та импортқа өзара тарифтер күшіне енді. Негізгі мөлшерлеме 10 пайыз болды, алайда 57 ел үшін жоғары салықтар белгіленді. Араға бір апта салып бұл үдеріс уақытша тоқтатылып, АҚШ бірнеше маңызды сауда серіктесімен келіссөздер жүргізе бастады.

АҚШ-тың Жеткізу тізбегін басқару институтының дерегінше, мұндай сауда саясаты елдегі өнеркәсіп белсенділігінің төмендеуіне әкеліп, жеткізу тізбектерінде күрделі үзілістерге себеп болуда. Кәсіпкерлер шығынның өсуін өз есебінен жабуға мәжбүр болғандықтан, бизнес амалдап күн көру режиміне көшті.

NBC телеарнасының дереккөзіне сүйенсек, АҚШ-тың қаржы және сауда министрлері Трампты бұл баж салығын уақытша тоқтатуға үгіттеген. Олар облигациялар нарығындағы жағдайға алаңдаушылық білдіріп, президенттің бұл шешімі жаңа жаһандық қаржы дағдарысын тудыруы мүмкін екенін ескерткен.