Үкіметтегі кейбір шенеуніктер олигархтардың мүддесін қорғап отыр -Мұрат Әбенов

Qaz365.kz редакциясы

Ал Қарағанды металлургиялық комбинаты өндірген өнімнің бәрін шетелге шығарып жатыр

Мәжіліс

Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов шикізат олигархтары мен шетелдік компаниялардың мүдделерін қолдайды деп Үкіметті сынға алды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Оның айтуынша, бір ай бұрын көлік және логистика саласына арналған «Магистраль» сараптамалық алаңында өткен жиында, ҚТЖ өкілдерінің қатысуымен, теміржол арқылы жүк тасымалына қатысты тариф мәселесі талқыланған. Сол жерде Қазақстан үкіметінің шешімімен ҚТЖ ірі тау-кен металлургия компаниялары өндіретін көмір, түрлі-түсті және темір рудасы, металлды жеңілдетілген тарифпен тасымалдауға мәжбүр екені белгілі болды. 

 Көмір, кен және металдар шетелге – Ресей мен Қытайға төмен тарифтермен тасымалданады. Бұл шетелдік зауыттарға тиімді. Ал қазақстандық компаниялар шикізатты қымбат бағаға сатып алады немесе мүлде қол жеткізе алмайды.Мысалы, сол «КарМет»Қазақстандағы компанияларға металл сатпайды. Қызылордадағы стадионды да қытайлық металмен салып жатыр. Ал Қарағанды металлургиялық комбинаты өндірген өнімнің бәрін шетелге шығарып жатыр, – деді ол.

Депутаттың пікірінше, бұл жеңілдіктер 30 жыл бұрын, ескі жүйе кезінде, олигархтарға берілген. Алайда жаңа үкіметтегі кейбір шенеуніктер сол артықшылықтарды қорғауды жалғастырып отыр. Соның салдарынан шағын және орта бизнес зиян шегуде. ҚТЖ шығындарын жабу үшін басқа тасымалдаушыларға тарифті көтеруге мәжбүр.

Өйткені Үкімет ҚТЖ-дан осы жеңілдіктерді өзінің кірісі есебінен өтеуді талап етеді. Ал қаржыны қайдан алуы керек? Басқа тарифтерді көтеру арқылы. Әлеуметтік жүктерге, астыққа немесе жолаушыларға тариф көтере алмайды. Сонда жалғыз жол – шағын және орта бизнестің жүк тасымалына тарифті өсіру, – дейді Мұрат Әбенов.