Қырғызстан президенті Садыр Жапаров қырғыз тілін ресми құжаттарда, жарнамалық материалдарда, карталарда,мемлекеттік және жеке меншік мекемелерде қолдануды күшейтетін заңға қол қойды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Құжат бірқатар заңдар мен әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің нормаларын «Мемлекеттік тіл туралы» конституциялық заңына толық сәйкестікке келтіруге бағытталған. Атап айтқанда, ол ресми құжаттарда, жарнамалық материалдарда, карталарда және мемлекеттік әрі жекеменшік мекемелердің коммуникацияларында қырғыз тілін қолданудың міндеттілігін күшейтеді.
Енді барлық ресми үдерістер – құқық қорғау органдары мен ұлттық қауіпсіздік қызметінің жұмысы, нотариаттық іс-әрекеттер және банк қызметтерін көрсетуге дейін — мемлекеттік тілді қолдана отырып жүзеге асырылуы тиіс. Бұдан бөлек, заң қырғыз тілін көші-қон, теледидар және радиохабар тарату, сондай-ақ сайлау рәсімдері салаларында қолдану талаптарын күшейтеді.
Өзгерістер ресми карталарда, көрсеткіштерде және құжаттарда қырғызша атауларды міндетті түрде қолдануға да қатысты.