Түркі тілдес халық 200 миллионбыз, бірақ Мәскеу тарихты бұрмалап көрсетеді – Ресейдегі депутат

Qaz365.kz редакциясы
@tsargradtv / Telegram

Алтай Республикасында жергілікті өзін-өзі басқару реформасын сынға алған Якутия парламентінің (Ил Тумэннің) депутаты Александр Ивановтың сөзі үлкен резонанс тудырды. Ол тек федералдық орталықтың әрекеттерін айыптап қана қоймай, түркі халықтарын бірлікке, тарих пен мәдениетті сақтауға үндеді, деп хабарлайды Qaz365.kz..

Ивановтың айтуынша, тарихи тамырлары ортақ ондаған этностар ғасырлар бойы бөлшектеніп, ассимиляцияға ұшырады. Соның салдарынан өздерінің төл тарихы жайлы білімді жоғалта бастады.

«Біз тамырымызбен, ата-бабамызбен — бауырмыз. Бізге хакастар да, долғандар да, тувалықтар да, татарлар да, башқұрттар да, чуваштар да, әзербайжандар да, түрікмендер де, өзбектер де, қазақтар да, түріктер де, құмықтар да, қарашайлықтар да бауыр. Біз — 200 миллион халықпыз. Бірақ біз сондай бытыраңқы болып кеттік. Ғасырлар бойы бізді бір-бірімізден бөліп тастады, сондықтан бір-біріміз туралы ештеңе білмейміз», — деді депутат.

«Бөлінсек – үнсіз қаламыз, біріксек – еленеміз»

Ивановтың пікірінше, шағын халықтар жеке-жеке айтқанда олардың даусы естілмейді. Бірақ біріккен жағдайда ғана ел көлемінде өз мүдделерін қорғай алады:

«80 мың алтайлық үшін үлкен империяда — түк емес. Бірақ егер біз біріксек және ортақ идеямен сөйлесек, онда миллиондаған дауысты елемей қоймайды», — деп атап өтті ол.

«Мәскеу тарихты бұрмалап көрсетеді»

Парламентарий Мәскеуді тарихи мұраны бұрмалап жеткізді деп айыптады:

«Мәскеу бізге тарихты біржақты етіп көрсетеді. Тынық мұхитынан бастап Еділдің жағалауларына дейін, Ұлы Қытай қорғанынан Венгрияға дейінгі жерлер — түркі халықтарының жері болған. Бұл жаққа олигархтар келіп, виллаларын, жолдарын сала бастағанда, бұған қарсылық білдіру керек», — деді Иванов.

Ұлтшылдық қаупі

Депутат сондай-ақ ұлттық қозғалыстардың күшею қаупіне назар аударды. Оның айтуынша, «орыс қауымдары» және соған ұқсас қозғалыстар ұлттық республикаларға қысымды арттыруы мүмкін:

«Бұл дерт тек Оралдан аспаса екен дейміз. Бірақ ол қазірдің өзінде өтіп кетті», — деп ескертті ол.

Қоғамдық қолдау

Ивановтың сөзі Таулы Алтайдағы ең көп талқыланған оқиғалардың біріне айналды. Түркі халықтарының тарихын, мәдениетін және дәстүрін қайта жаңғырту қажеттігі туралы айтқан пікірін жергілікті белсенділер де қолдады. Олар да жергілікті өзін-өзі басқару реформасына қарсы шығып отыр.