Олар сотқа шағымданатынын жеткізді
Алматыда баспасөз мәслихатын өткізген тәуелсіз кандидаттар әлі күнге дейін сайлау учаскелерінің қорытынды хаттамалары жоқтығына наразылық білдірді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
.
“Бұл тек қана сайлау туралы конституциялық заңның бұзылуы ғана емес, бұл барып тұрған бассыздық. Шектен шығып барады.
Олардың қолында бюллетеньдер бойынша барлық нәтиже бар. Хаттамаларды әлі реттей алмай отыр. Оларға уақыт керек. Біз 6-ға дейін ұйықтаған жоқпыз, учаскелердің бәрін аралап шықтық. Ешқайсысында комиссия уақытында хаттамаларды берген жоқ”, – деді депутаттыққа кандидат Батыр Адайбаев.
Мұхтар Тайжан бақылаушыларға заңды бақылауларын жүргізуге мүмкіндік берілмегенін айтты.
“Бақылаушылар 1,5 метрге дейін жақындауға құқылы. Оған қарамастан бақылауға ешқандай мүмкіндік берген жоқ. Бүгінгі таңда қолымызда аз ғана хаттама бар. Бұл бассыздық. Өздері ескі Қазақстанды жалғастырып отыр. Біз, әлбетте, мұны халықаралық ұйымдарға жеткізетін боламыз”, – деді ол.
Инга Иманбай сайлауды қайта өткізуді талап етіп, сотқа шағымданатынын жеткізді. Ол жиында "тәуелсіз кандидаттардың дауысы ұрланды" деп мәлімдеді.
"Басты мәлімдемеміз – біз бұл сайлаудың қорытындысын мойындамаймыз, сайлауды қайта өткізуді талап етеміз. Күні бойы түрлі заңбұзушылық болды. Урнаны жапты, үкімет бюджет қызметкерлерінен өзі таңдаған адамдарға дауыс беруді сұрап, фотоесеп жіберткізіп жатты. Ең сорақысы – дауыс санау кезінде басталды. Менің бақылаушыларымды дауыс санауға қатыстырмас үшін шығарып тастап отырды, полиция шақырды, қорқытты", – деді Инга Иманбай.