Сайлау туралы Конституциялық заңға өзгерістер енгізіледі

Qaz365.kz редакциясы
Фото әлеуметтік желіден

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын жұмысқа қабылдады, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Мәжіліс осы құжатпен байланысты екі заң жобасы бойынша қорытынды әзірлейді. Оның бірі – «Кейбір заңнамалық актілерге сайлауды жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы болса, екіншісі – «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске түзетулер енгізу туралы» заң жобасы.

Депутат Снежанна Имашеваның айтуынша, бұл бастамалар Президенттің тапсырмасына сәйкес әзірленіп, электоралдық тәжірибені ескеріп жасалған.

«Конституциялық заң жобасының негізгі мақсаттары: Мәжіліс депутаттығына бір кандидатты бір сайлау округінен артық сайлау округінде ұсынуға тыйым салу, бір адамды бір мезгілде Мәжіліс пен мәслихаттың бір мандатты округтері бойынша да ұсынуға тыйым салу, әкімге кандидаттың сайлау қорын құру, президенттікке, депутаттыққа, әкімге, сайлау комиссиясы мүшесіне кандидаттарға ауыр және аса ауыр қылмыстар бойынша соттылығының болмауы бойынша талаптарды күшейту, үгіт-насихат мәселелерін және тағы басқа мәселелерді реттеуге бағытталған. Ілеспе заң жобалары да сайлау өткізу рәсімдерін жетілдіруге, сайлау заңнамасының нормаларын сақтамағаны үшін әкімшілік жауапкершілігін енгізуге бағытталған», – деді депутат.