Күні кеше Қазақстанның Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу мен кәсіпкер Гаджи Гаджиевтің ұсталды деген ақпарат тараған еді. Осыдан кейін арада бір күн өткенде министр ел алдына шықты, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Ол «Harvest Group» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Алмаз Әлсеновпен кездесу өткізді.
Тараптар агро-индустриялық кластерді құру барысын талқылады. Алғашқы кезеңде инвестициялық жоба Жетісу мен Алматы облыстарын қамтып, 150 мың гектар шалғайдағы және тыңайған жерлерді суармалы ауыл шаруашылығы алқаптарына айналдыруды көздейді. Жалпы, жобаны жүзеге асыру аясында заманауи су үнемдеу жүйелерін қолдана отырып, 300 мың гектар жерді игеру жоспарланған.Министр жобаны одан әрі ілгерілетудің маңыздылығын атап өтіп, мемлекет тарапынан қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді.Сондай-ақ компанияның Қазақстанның бірқатар өңірлерінде туризм және спорт салаларында инвестициялық жобаларды іске асыру перспективалары белгіленді.СІМ басшысы бұл жобалардың ішкі және кірме туризм үшін, сонымен қатар экономиканы әртараптандыру үшін өсу мүмкіндігіне айналу әлеуеті бар екенін баса айтты, – делінген министрліктің хабарламасында.
Айта кетейік, 4 қыркүйекте Orda сайты құқық қорғау органдарындағы дереккөздеріне сілтеп, "сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу, бизнесмен Гаджи Гаджиев және ҰҚК-ның жоғары лауазымды қызметкерлері ұсталғанын" жазған еді.
Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Мұрат Нұртілеудің ұсталғаны жайлы ақпарат "шындыққа сәйкес келмейді" деп мәлімдеді.
"Мұны журналистік этика және қазіргі заңнаманы бұзу деп бағалаймыз" деді министрліктің өкілі.
Ал мәдениет және ақпарат министрі Балаева Facebook желісіндегі жазбасында мұны "расталмаған ақпарат" деп, жалған ақпарат таратқан үшін әкімшілік әрі қылмыстық жауапкершілік барын ескертті.