ШҚО-да Президент Жолдауын жүзеге асырудың негізгі бағыттары белгіленді

Qaz365.kz редакциясы

Өскеменде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауын талқылауға арналған жиын өтті, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Оған облыстық басқармалар басшылары, депутаттар, партия өкілдері, қоғамдық кеңес мүшелері мен әкімдер қатысты.

Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов Жолдау – жаңа тарихи жағдайда мемлекеттік саясаттың стратегиялық бағдары екенін атап өтіп, өңірлердің рөліне ерекше тоқталды. Оның айтуынша, Шығыс Қазақстан өнеркәсіптік, аграрлық және туристік әлеуеті арқылы Президент бастамаларын орындауда көшбасшы болуы тиіс.

Әкім жеті негізгі міндетті айқындады:

  1. Инвестициялар тарту және ерекше экономикалық аймақтарды дамыту;

  2. Өңдеу өнеркәсібін ілгерілету;

  3. Ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге шығару;

  4. Көлік-логистика мен туризм инфрақұрылымын жетілдіру;

  5. ТКШ мен су жүйесін жаңғырту;

  6. Цифрлық трансформацияны жеделдету;

  7. Адами капиталды дамыту, әсіресе білім мен цифрлық технология саласында.

Сақтағанов цифрландырудың маңыздылығын ерекше атап өтті. Оның сөзінше, ШҚО жасанды интеллектті медицина, білім, өнеркәсіп және мемлекеттік басқаруда қолданудың сынақ алаңына айналуға дайын.

Жиын соңында бірқатар тапсырмалар берілді: 2027 жылға дейін жасанды интеллект бойынша өңірлік «жол картасын» әзірлеу, IT-қоғамдастық құру, экономиканы әртараптандыру және су инфрақұрылымын жаңғырту шараларын күшейту.

Облыста жаңа мектептер мен колледждер ашылып, медицина, мәдениет және спорт нысандары жаңартылып жатыр. Әкім құқықтық тәртіп пен патриотизмге ерекше назар аудару қажет екенін айтты.

– Біздің міндетіміз – Шығыс Қазақстанды орнықты дамудың орталығына айналдыру. Тұрғындар Президент бастамаларын қолдап, Әділетті әрі Қуатты Қазақстан құруға үлес қосады деп сенемін, – деді өңір басшысы.