Батыстың Палестинаны мойындауы: жаңа дәуірдің бастауы ма, әлде саяси иллюзия ма

Qaz365.kz редакциясы

Бұл дипломатиялық шешімдер толқынының түбінде не жатыр - символдық қадам ба, нақты бетбұрыс па?

Фото әлеуметтік желіден

Палестинаны бірқатар Батыс елдерінің ресми түрде мойындауы – соңғы жылдардағы ең ірі геосаяси оқиғалардың бірі саналады, деп жазады Qaz365.kz.

Ұлыбритания, Ирландия, Испания, Норвегия, Португалия, Канада, Австралия – кезінде колониялық немесе делдалдық рөл атқарған бұл мемлекеттер енді палестиналық мемлекеттілікті ресми мойындауға қадам жасады. Жақын уақытта бұл қатарға Францияның да қосылуы мүмкін.Бұл қадамға Латын Америкасы, Азия және мұсылман елдерімен бірге либерал-солшыл қозғалыстар, исламист топтар, «антиимпериалист» шығыс-еуразиялық күштер, тіпті кейбір дәстүршіл қоғамдар да ашық қолдау білдіруде. Жаһандық деңгейдегі мұндай бір мезгілдегі серпіліс бұрынғы отаршылдық кезеңнің тас қабатын сөгіп, халықаралық қатынастарда жаңа дәуірдің басталғанын айқын аңғартып отыр. Бұл шешім – жай ғана символикалық қадам ба, әлде жаңа халықаралық тәртіптің бастауы ма?

Саясаттанушы және шығыстанушы Жанат Момынқұловтың айтуынша, бірнеше фактор дәл осы кезеңде тоғысты:

  • Газа секторындағы қақтығыс бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті;

  • Израильдің әскери іс-қимылдары тіпті одақтастары арасында да наразылық тудырды;

  • халықаралық сын күшейіп, БҰҰ реформалау қажеттілігі туралы пікірталастар үдеді.

– Бүгінде жаңа әлемдік тәртіп орнату туралы талаптар жиілеп келеді. Онда әскери күштен бөлек, халықаралық құқық нормалары, гуманизм және тең құқықтылық маңызды рөл атқаруы тиіс, – дейді сарапшы.

Алайда Израиль бұл шешімді «біржақты әрі бос декларация» деп атап, қарсы шараларды дайындап жатыр. Олардың қатарында Батыс жағалаудағы әскери бақылауды күшейту, Газа аймағында буферлік аймақ құру және еуропалық елдердің делдалдығынан бас тарту бар.

АҚШ та Израильдің басты одақтасы ретінде БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіндегі кез келген бастаманы бұғаттауды жалғастыруы ықтимал. Сонымен қатар Вашингтон мен Тель-Авив Палестинаны мойындаған елдерге экономикалық шектеулер енгізіп, халықаралық көмекті тежеуі мүмкін.

Жанат Момынқұловтың айтуынша, Палестина-Израиль қақтығысы діни астарға да ие:

  • ортодоксалды еврейлер үшін Израильдің қайта түлеуі Машиахтың келуімен байланысты;

  • америкалық евангелистер үшін бұл – «ақырзаманның» белгісі;

  • мұсылмандар үшін Иерусалим – Мекке мен Мәдинадан кейінгі үшінші қасиетті мекен.

– Осы түсініктер Иерусалимді жай ғана қала емес, метафизикалық мәні бар киелі нысанға айналдырады. Сондықтан кез келген келіссөздер айтарлықтай күрделене түседі, – деп түсіндірді саясаттанушы.

Түркия, Катар, Иран және Пәкістан Палестинаға қолдауды күшейтуге дайын екенін мәлімдеді. Дегенмен Парсы шығанағының ең ірі ойыншылары – Сауд Арабиясы мен БАӘ АҚШ-пен қарым-қатынасты нашарлатуға асығар емес.

– Егер мұсылман әлемі бірыңғай позиция қалыптастырып, нақты дипломатиялық және экономикалық қадамдарға бара алса, аймақтағы күш теңгерімі өзгеруі мүмкін. Бірақ ішкі қайшылықтар мен Батыс экономикаларына тәуелділік бұл процесті қиындатады, – дейді Жанат Момынқұлов.

Палестина халықаралық мойындауға, түрлі ұйымдарға мүше болуға және Израильдің әрекеттеріне құқықтық баға беруге ұмтылып отыр. Бірақ Израиль премьері Биньямин Нетаньяху: «Палестиналық мемлекет ешқашан құрылмайды», – деп кесіп айтты.

– Палестинаны мойындау – әділ, бірақ кешігіп жасалған қадам. Дегенмен нақты қысым тетіктері жоқ жерде мұндай декларациялар қағаз жүзінде қалып қоюы мүмкін. Шынайы өзгерістер әлемдік қауымдастық бірлесе, жүйелі әрекет еткенде ғана орын алады, – деп қорытындылады сарапшы.