Ильхам Әлиев Түркі елдері әскерлерінің бірлескен жаттығуын өткізуді ұсынды

Qaz365.kz редакциясы

Әзербайжанда Түркі ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің 12-ші саммиті өтіп жатыр

Габала қаласында Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің мемлекет басшылары кеңесінің 12-ші саммиті өтіп жатыр. Іс-шарада Әзербайжан Республикасының президенті Ильхам Әлиев сөз сөйлеп, ортақ ұсыныс жасады, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Іс-шараға сондай-ақ Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та қатысып отыр.

Отырыста Әзербайжан президенті бүгінде Түркі мемлекеттері ұйымы – жай ғана ынтымақтастық алаңы емес, маңызды геосаяси орталықтардың біріне айналып келе жатқанын айтты. Оның сөзінше, ұйымның халықаралық беделінің артуы бәрін қуантып отыр. Ортақ тарихи және этникалық тамыр, біртұтас ұлттық-рухани құндылықтар түркі елдерін бір отбасындай біріктіреді.

Ұйымның қызметін қолдау мақсатында Әзербайжан хатшылықтың есепшотына 2 миллион АҚШ доллары көлемінде қаражат аударған.

“Белгілі болғандай, даму қауіпсіздікті қамтамасыз етпейінше мүмкін емес. Халықаралық құқықтың нормалары мен қағидаттары өрескел бұзылып отырған қазіргі кезеңде біздің елдер арасындағы әскери және әскери-техникалық саладағы ынтымақтастық аса маңызды факторлардың бірі болып табылады. Осы тұрғыда біз одақтас ел — Түркиямен терең өзара іс-қимыл орнаттық. Тек соңғы жылдың өзінде Түркиямен 25-тен астам екіжақты және көпұлтты әскери жаттығулар өткізілді. Біздің елдердің әскери, қорғаныс және қауіпсіздік салаларындағы кең ауқымды ынтымақтастығын ескере отырып, 2026 жылы Әзербайжанда Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің бірлескен әскери оқу-жаттығуын өткізуді ұсынамын”, – деді Ильхам Әлиев.