Тоқаев: Парламентті реформалау – Сенатты тарату емес

Qaz365.kz редакциясы

Мемлекет басшысы реформаның мәнін бұрмалауға болмайтынын ескертті

Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламенттік реформа жөніндегі Жұмыс тобының алғашқы отырысында өкілді билік жүйесін жаңғырту қажеттігін атап өтті, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.

Президенттің айтуынша, басталған реформалар елдегі басқару жүйесін сапалық тұрғыда өзгертеді және саяси жүйенің жаңа моделін қалыптастырады.

«Парламенттік реформа – “Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет” қағидатына толық сай келеді. Бұл – мемлекетіміздің құрылымын айқындайтын басты тұжырым», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы реформаның мәнін бұрмалауға болмайтынын ескертті.

«Парламентті реформалау бұл – Сенатты тарату деген сөз емес. Мұндай қате пікірге жол беруге болмайды. Біздің мақсат – өкілді билік тармағын түбегейлі жаңғырту. Осылайша, азаматтарымыздың мүддесін білдіретін заң шығарушы орган жаңа сипатқа ие болады», – деп мәлімдеді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, жүргізіліп жатқан өзгерістер аймақ көлемінде бұрын-соңды болмаған жаңа басқару жүйесінің іргетасын қалайды.