25 күнге қамалған журналист Думан Мұхаммедкәрім аштық жариялады

Qaz365.kz редакциясы

Адвокаттың айтуынша, ол БАҚ өкілдерін өзіне кіргізуді талап етіп отыр

ND

25 күнге қамалған журналист Думан Мұхаммедкәрім аштық жариялады, деп хабарлады Qaz365.kz тілші Азаттыққа сілтеме жасап.

Бұл туралы Думан Мұхаммедкәрімнің адвокат Ғалым Нұрпейісов мәлімдеген. 

Адвокаттың айтуынша, ол БАҚ өкілдерін өзіне кіргізуді талап етіп отыр. Бастапқыда журналисте дәрі-дәрмек болмағандықтан 24 наурызда аштықты бастаған. 25 наурызда кешке оған дәрі-дәрмек жеткізілген.

– 24 наурызда апелляциялық сот өтіп, шешім өзгеріссіз қалды. Сот кезінде көптеген заңсыздықтар болды. Думан әлі кандидат болғандықтан оның иммунитеті бар. Бірақ сот біздің айтқанымызды ескерген жоқ. Енді кассациялық сотқа шағымданамыз, – деді Ғалым Нұрпейісов.

Оның сөзінше, Думан Мұхамедкәрім қазір Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының орталығы Есік қаласында қамауда отыр. Азаттық әзірше Еңбекшіқазақ аудандық полициясынан жауап ала алмады.

Ғалым Нұрпейісовтің айтуынша, Думан Мұхамедкәрім Есік қаласындағы уақытша қамау изоляторының бастығына арыз жазған, ал изолятор бастығы "бұл менің құзыретіме кірмейді, полиция бастығына жаз. Бастық қандай бұйрық берсе, мен соны орындаймын" деген. "Изолятор әкімшілігі жағдайдан хабардар" деді адвокат.

Мәжіліске кандидат болған Думан Мұхаммедкәрім 20 наурызда Алматыда өткен баспасөз мәслихатында сайлау нәтижесіне келіспейтінін айтып, жұртты бейбіт наразылыққа шақырған еді. Жиында ол "мені митингіге шығарғаным үшін осыған дейін 15 тәулікке қамаған, осы жолы 30 тәулікке қамауы мүмкін. Бірақ мен қорықпаймын" деген еді. 21 наурызда сот оны 25 тәулікке қамады.