Зеленский Путин мен Трамптың Будапешттегі кездесуіне қатысуға дайын екенін мәлімдеді

Qaz365.kz редакциясы

Трамп екі тарапты да соғысты тоқтатуға шақырды. 

x.com/blyskavka_ua

Украина президенті Владимир Зеленский АҚШ пен Ресей басшылары – Дональд Трамп пен Владимир Путиннің Будапештте өтуі мүмкін кездесуіне қосылуға әзір екенін айтты. Бұл туралы ол америкалық NBC News телеарнасына берген сұхбатында тілге тиек етті, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Егер біз шынымен әділ және ұзақмерзімді бейбітшілікке қол жеткізгіміз келсе, бұл қақтығыстағы екі тарап та келіссөз үстелінде отыруы тиіс. Украинасыз қандай келісім болуы мүмкін? – деді Зеленский.

Бұған дейін, 16 қазанда, яғни Зеленскийдің АҚШ-қа сапарының алдында, Дональд Трамп Владимир Путинмен телефон арқылы екі сағаттан астам уақыт сөйлескен. Әңгіме соңында ол Ресей президентімен Будапештте кездесуге келіскенін мәлімдеді.

Ал Зеленскиймен жүздескеннен кейін Трамп өзінің Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында Ресей мен Украина әскерлері «қазір тұрған жерінде тоқтауы тиіс» деп жазды.

Екі тарап та өздерін жеңімпаз деп жарияласын, ал төрелігін тарих айтсын! Атысты тоқтатып, адам өлімін және шектен тыс шығындарды доғарайық, – деді ол.