Еуропа мен Украина соғысты тоқтату бойынша жаңа бейбіт жоспар дайындап жатыр

Qaz365.kz редакциясы

Бұл бастама Путиннің АҚШ-қа жасаған ұсынысына балама нұсқа ретінде ұсынылып отыр

Ye Pingfan/Photoshot/picture alliance

Bloomberg агенттігі Еуропалық елдер мен Украинаның Ресеймен соғысты аяқтауға бағытталған 12 тармақтан тұратын бейбіт келісім жоспарын әзірлеп жатқанын жазды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Агенттіктің дерегіне сүйенсек, бұл құжат қазіргі майдан шебін негізге ала отырып, соғыс қимылдарын тоқтату және бейбітшілікті орнату шарттарын қамтиды. Бұл бастама Ресей президенті Владимир Путиннің АҚШ-қа жасаған ұсынысына, яғни Украина белгілі бір аумақтардан бас тартуы тиіс деген талабына балама нұсқа ретінде ұсынылып отыр.

Bloomberg мәліметінше, бейбітшілік орнату жөніндегі комиссияның жұмысын АҚШ президенті Дональд Трамп басқаратын болады.

Жоспарға сәйкес, екі тарап әскери тұтқындармен алмасып, Ресейге әкетілген украин балаларын елге қайтару туралы келісімге келуі тиіс. Бұл шаралар бітім жарияланып, әскери іс-қимылдар тоқтағаннан кейін жүзеге асырылады.

Сонымен бірге, Украинаға қауіпсіздік кепілдіктері, соғыстан кейінгі қалпына келтіру үшін қаржылай көмек және Еуропалық одаққа жедел қабылдану мүмкіндігі ұсынылады.

Басылым атап өткендей, бұл жоспар әлі де талқылау кезеңінде және оның толық мазмұны әзірге ресми түрде жарияланған жоқ.