Си Цзиньпин мен Дональд Трамп кездесті: екі алпауыт қайта тіл табыса ма

Qaz365.kz редакциясы

Келіссөздер барысында үш негізгі тақырып қаралды

Қытай төрағасы Си Цзиньпин мен АҚШ президенті Дональд Трамп Оңтүстік Кореяның Пусан қаласындағы әуе базасында кездесіп, сауда, технология және TikTok-тың болашағына қатысты келіссөздер өткізді, деп хабарлайды Qaz365.kz BBC-ге сілтеме жасап.

Бұл — Трамптың екінші президенттік мерзімі басталғалы бері екі ел басшыларының алғашқы жүзбе-жүз кездесуі.

Трамп келіссөздердің нәтижелі болатынына сенім білдірсе, Си Цзиньпин екі ел арасында «кейде түсініспеушілік болуы мүмкін», бірақ Қытай мен АҚШ «достық пен серіктестік қатынасты сақтау керек» екенін айтты.

Келіссөздер барысында үш негізгі тақырып қаралды:

– Сауда тарифтері мен фентанилге қарсы күрес;

– Жартылай өткізгіштер мен сирек кездесетін металдар өндірісі;

– TikTok қосымшасының АҚШ-тағы болашағы.

Кездесудің басты мақсаты – соңғы жылдары сауда соғысы мен Қытайдың Ресейге көрсеткен қолдауынан кейін нашарлаған екі ел арасындағы қатынастарды қайта жаңғырту.