Мигранттан мэрге дейін: Нью-Йоркті алғаш рет мұсылман басқарады

Qaz365.kz редакциясы

Әрі ол қаланы басқарған ең жас мэр болмақ

AP / TASS

АҚШ-тағы Нью-Йорк қаласының мэрі сайлауында демократиялық партия өкілі Зохран Мамдани жеңіске жетті. Бұл туралы CBS және CNN арналары жазды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

34 жастағы саясаткер қала тарихындағы ең жас мэр және Нью-Йоркті басқаратын алғашқы мұсылман әрі Африкадан шыққан тұлға болмақ. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, Мамдани 50,35% дауыс жинап, бұрынғы губернатор Эндрю Куомо (41,6%) мен республикалық кандидат Кертис Сливаны (7,1%) артта қалдырған.

Зохран Мамдани – демократ-социалист, Квинс ауданынан шыққан штат депутаты. Ол Угандада үнді тектес отбасында дүниеге келген, балалық шағын Оңтүстік Африкада өткізіп, АҚШ азаматы атанғанына небәрі жеті жыл болған. Саясатқа дейін ол әлеуметтік қызметпен айналысып, аз қамтылған отбасыларға көмектескен.

Мамдани алғаш рет 2020 жылы мемлекеттік өкілдер палатасына сайланып, жастар мен мигранттардың құқықтарын қорғау бағытында белсенді жұмыс істеді. Оның жеңісі – АҚШ-тағы мұсылман және мигрант қауымдастығы үшін үлкен тарихи оқиға ретінде бағаланып отыр.

Мамдани 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап қызметіне кіріседі. Ол елдегі ең жоғары лауазымды мұсылман шенеунік болмақ.