Тоқаев АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марк Рубиомен және Трамп Әкімшілігінің өкілдерімен кездесті

Qaz365.kz редакциясы
Ақорда

Вашингтонда ресми сапарда жүрген Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марк Рубиомен, Сауда министрі Говард Латникпен, сондай-ақ АҚШ Президентінің Оңтүстік және Орталық Азиядағы арнайы өкілі Серджио Гормен кездесті, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Кездесу барысында тараптар екіжақты және өңірлік ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылап, стратегиялық серіктестікті тереңдету бағытындағы нақты қадамдарды қарастырды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен АҚШ арасындағы экономикалық ықпалдастықтың жаңа кезеңі басталғанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл өзара байланыс жаңа жұмыс орындарын ашуға, өнеркәсіп пен бизнесті қолдауға, сондай-ақ инновациялық технологияларды дамытуға мүмкіндік береді.

– Еліміз АҚШ-пен түрлі деңгейде белсенді саяси байланыс орнатқан. Біз өзара сенім мен тиімді ынтымақтастыққа негізделген диалогты жалғастыруға дайынбыз, – деді Президент.

Кездесу қорытындысында Қазақстан Республикасы мен Америка Құрама Штаттары арасында аса маңызды минералдар саласындағы ынтымақтастық туралы өзара түсіністік жөніндегі меморандумға қол қойылды.

Құжатқа Қазақстан тарапынан Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев, ал АҚШ тарапынан Сауда министрі Говард Латник қол қойды.