Трамп Қазақстанға келген алғашқы АҚШ президенті атана ма

Qaz365.kz редакциясы
Ақорда

АҚШ Президенті Дональд Трамп Қазақстанға ресми сапармен келуі мүмкін екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Мемлекет басшыларының кездесуінде журналист тарапынан:

– Қазақстан мен АҚШ жалпы құны 17 миллиард долларды құрайтын келісімдер жасады. Сіздің ойыңызша, серіктестіктің қай саласы маңызды? Сондай-ақ Сізді Қазақстанға келген алғашқы АҚШ Президенті деп қашан айта аламыз? – деген сұрақ қойылды.

Оған Дональд Трамп қысқаша әрі нақты жауап берді.

– Бұл әбден мүмкін (Қазақстанға сапармен келу – ред). Барлық сала өте маңызды деп санаймын. Бір жылдан кейін не болатынын білмейміз. Сіздің табиғи ресурсқа бай еліңіз, сондай-ақ парасатты Президентіңіз бар, – деді АҚШ басшысы.

Айта кетейік, Ақ үйдегі кездесуде Қазақстан мен АҚШ арасында жалпы құны 17 миллиард доллардан асатын келісімдерге қол қойылды. Құжаттар авиация, минералдық ресурстар және цифрлық технологиялар салаларын қамтиды.