Тоқаев пен Трамп Нетаньяхумен сөйлесті: Қазақстан Таяу Шығыста бейбітшілік орнатуға үлес қосады

Qaz365.kz редакциясы

Қазақстан Ибраһим келісіміне қосылды

Ақорда

Ақ үйде өткен келіссөз барысында Қазақстан мен АҚШ президенттері Израиль Премьер-министрі Беньямин Нетаньяхумен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Әңгімелесу кезінде Қазақстан Республикасының Ибраһим келісімдеріне қосылу шешімі талқыланды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Президент Дональд Трамптың Таяу Шығыста бейбіт өмір орнатудағы батыл бастамаларына жоғары баға берді.

– Президент Трамп Таяу Шығыста бейбіт өмір орнатуға нақты алғышарттар жасап, көпшілік күмәнмен қарағанына қарамастан, елеулі нәтижелерге қол жеткізді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, Қазақстанның Ибраһим келісімдеріне қосылуы аймақтағы қақтығыстарды еңсеруге, диалог пен өзара сенімді нығайтуға бағытталған маңызды қадам болып табылады.

– Бұл шешім ешбір мемлекетпен екіжақты қатынастардағы міндеттемелерге нұқсан келтірмейді. Қазақстан үшін бұл – бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтуға арналған көпжақты дипломатияның заңды жалғасы, – делінген хабарламада.

АҚШ Президенті Дональд Трамп Қазақстанның бұл шешімін жоғары бағалап, әлемдік ынтымақтастық жолындағы маңызды бастама деп атады.

– Бұл – бүкіл әлемде бейбітшілік пен өркендеуді ілгерілетуде үлкен жетістік. Көптеген елдер дәл осы жолды таңдап отыр, – деді Трамп.