Тоқаев қаза болған сарбаздардың аналарының өтініштерін 12 күнде қарауды тапсырды

Qaz365.kz редакциясы
видеодан кадр

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаза тапқан әскери қызметшілердің аналары жолдаған өтініштерді он екі күн ішінде қарауды Бас прокурорға тапсырды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Сондай-ақ ол тергеу жұмыстары мен іс жүргізу барысында заңдылықтың сақталуына баға беруді міндеттеді. Бұл туралы мемлекет басшысының көмекшісі әрі баспасөз хатшысы Руслан Желдібай телеграм-арнасында хабарлады.

10 қараша күні таңертең Астанадағы министрліктер үйінің алдында бірнеше әйел жиналып, Қорғаныс министрлігі өкілдеріне ашық түрде талап қойды. Жиналғандар – әскери борышын өтеп жүріп көз жұмған сарбаздардың аналары. Олар ұлдарының өліміне қатысты тергеудің әділ жүргізілуін және армия жүйесінде реформа жасауды талап етті.

Соңғы резонанстық оқиғалардың бірі – қазан айының басында Алматыдағы шекара қызметі бөлімінде қызмет еткен сарбаздың қаза болуы. Нұрасыл Әнуар 2025 жылдың 27 қыркүйегінде әскерге шақырылып, Қарасай шекара бөлімінде қызмет атқарған. Алайда бір аптадан кейін аяқ астынан көз жұмды.

Алдын ала себеп ретінде менингит көрсетілгенімен, марқұмның туыстары бұл нұсқаға күмән келтіріп, барлық мән-жайды жан-жақты әрі объективті зерттеуді сұрайды.