Тоқаев Қазақстанда орыс тілінің айрықша орын алатынын айтты

Qaz365.kz редакциясы

Сондай-ақ ол қазіргі жастардың бірнеше тілді еркін меңгеруі уақыт талабы екенін айтты

Ақорда

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Российская газетада» жарық көрген мақаласында орыс тілінің Қазақстан қоғамындағы орны мен рөліне тоқталды. Мемлекет басшысы орыс тілі елдің әлеуметтік-саяси, ғылыми-білім беру және рухани өмірінде ерекше маңызға ие екенін атап өтті, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Президенттің айтуынша, Қазақстанда түрлі мәдениет  бейбіт қатар өмір сүріп, өзара ықпалдасып келеді. Орыс тіліне айрықша құрмет көрсетіліп, оған кең қолдау жасалып жатыр. Тоқаевтың пікірінше, орыс тілін қолдау тек тіл саясатының бөлігі емес, халықтар арасындағы гуманитарлық ынтымақтастық пен өзара сенімді нығайтудың маңызды тетігі.

«Орыс тілін қолдау – халықтар арасындағы достық пен өзара түсіністі арттыратын маңызды бағыт. Сол себепті мен Халықаралық орыс тілі ұйымын құру туралы бастама көтердім», – деді президент.

Сондай-ақ ол қазіргі жастардың бірнеше тілді еркін меңгеруі уақыт талабы екенін айтты.

«Менің ойымша, қазақстандық жастар қазақ, орыс, сондай-ақ ағылшын, қытай және басқа да тілдерді білуі тиіс. Бұл – жаһандық әлемде табысқа жетудің маңызды шарты», – деді мемлекет басшысы.