Тоқаев пен Путин Мәскеуде келіссөз жүргізді: тараптар қандай мәселелерді талқылады

Qaz365.kz редакциясы

Тоқаев Путинді Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырды

Ақорда

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей Федерациясының басшысы Владимир Путин Мәскеуде келіссөздер өткізді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Кездесу барысында екі ел көшбасшылары стратегиялық серіктестікті нығайту, экономикалық және энергетикалық ынтымақтастықты кеңейту, сондай-ақ білім және мәдени саладағы байланыстарды тереңдету мәселелерін талқылады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путинге жылы қабылдау мен жоғары деңгейдегі ұйымдастыру үшін алғыс білдіріп, бұл сапарды биылғы жылдың ең маңызды оқиғаларының бірі деп атады.

Біз Ресеймен барлық салада берік байланыс орнаттық. Тауар айналымын 30 миллиард долларға дейін арттыру міндетін қойдық. Менің ойымша, бұл қол жеткізуге болатын көрсеткіш. Таяу келешекте мақсатымызға орындалады деп ойлаймын. Ресей Федерациясымен атом энергиясы саласындағы ынтымақтастыққа айрықша тоқталғым келеді. Көп ұзамай «Росатоммен» станса құрылысын бастауға мүмкіндік беретін өте маңызды келісімдерге қол қоямыз. Бұл – серпінді жоба. Өйткені атом электр стансасы ғана салынбайды, мүлдем жаңа сала пайда болады, – деді Президент.

Мемлекет басшысы сондай-ақ білім беру саласындағы серіктестікті де маңызды бағыт ретінде атады.

Ресейдің 9 жоғары оқу орны, соның ішінде танымал университеттер Қазақстанда филиалдарын ашты. Бұл үшін Ресей Федерациясының білім саласы өкілдеріне ризашылығымды білдіремін. Сонымен қатар Омбы университеті жанынан әл-Фараби атындағы ҚазҰУ филиалы ашылды, – деді Тоқаев.

Өз кезегінде Владимир Путин Қазақстан мен Ресейдің қарым-қатынасы барлық бағытта қарқынды дамып келе жатқанын айтты.

Қазақстан мен Ресей – жақын серіктес, достас әрі одақтас елдер. Былтыр сауда айналымы 27 миллиард доллардан асты, ал биылғы 9 айдың өзінде 20 миллиардқа жетті.Көптеген ресейлік компания Қазақстанда табысты жұмыс істеп жатыр. Қазақстанның бизнес өкілдері де Ресейде өз кәсіптерін ашып, белсенді жүргізуде. Біз халықаралық аренада тығыз байланыс орнаттық. Бірқатар өңірлік ұйымға мүшеміз. Алдағы күндері Бішкекте өтетін ҰҚШҰ форумында, одан кейін Санкт-Петербургтегі ТМД-ға және ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер басшыларының дәстүрлі басқосуларында кездесеміз, – деді Ресей Президенті.

Келіссөздердің қорытындысы бойынша тараптар бірқатар маңызды меморандумдарға қол қоюды жоспарлап отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путинді Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырды.