Сенат Спикері Қарағандыда өзекті мәселелерді талқылады
Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Қарағанды облысында мәслихат депутаттарымен, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелерімен, жергілікті жұртшылықпен жүздесті. Іс-шаралар барысында Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру жолындағы бірлескен жұмыстың негізгі бағыттары айқындалып, Палатаның мәслихаттармен және сарапшылармен өзара іс-қимыл форматтары талқыланды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Сенат Төрағасы атап өткендей, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жыл сайынғы Жолдауында айтылған бастамаларды сапалы іске асыру үшін барлық мүдделі тараптың кешенді әрі жүйелі бірлескен жұмысы қажет. Осыған байланысты мәслихат депутаттарымен және ҚХА мүшелерімен кездесуде жергілікті өкілді органдар мен сараптамалық-талдау қоғамдастығын заң шығару қызметіне белсенді тарту мәселесіне баса мән берілді.
Мұндай формат Қазақстанның сапалы экономикалық өсуіне, Құрылыс, Цифрлық кодекстерді, Банктер мен банк қызметі туралы заңды, басқа да қажетті заңдарды уақтылы қабылдауға және Парламент қызметін одан әрі жетілдіруге тың серпін береді. Мәулен Әшімбаев өз сөзінде заң шығару үдерісі мен шешім қабылдаудың тиімділігін арттыруға арналған және саяси реформаларды біртұтас институционалдық жүйеге біріктіруді көздейтін парламенттік реформаға да назар аударды.
«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халыққа Жолдауында цифрландыру және жасанды интеллектіні дамыту бағытына ерекше назар аударып, еліміздің стратегиялық даму бағдарын айқындап берді. Оны сапалы іске асыруға үлес қосу – бәріміздің маңызды міндетіміз. Сондай-ақ Мемлекет басшысы бір палаталы Парламентке көшу мәселесін қоғамдық және сараптамалық талқылауға шығарды. Парламенттік реформаның нәтижесінде мәслихаттардың да рөлі артады. Өйткені сіздер жергілікті жерлерде халықпен тікелей жұмыс істеп келесіздер. Қорытынды шешім азаматтардың пікірі ескеріле отырып, жалпыұлттық референдум арқылы қабылданады», – деді Палата Спикері.
Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев Қарағанды облысының әлеуетін одан әрі арттыру үшін күш біріктірудің маңызы зор екенін айтты.
Бұл өңір ірі индустриалды орталық ретінде елдің экономикалық дамуы жолында ерекше мәнге ие. Қазіргі таңда бірқатар басым бағытта жоғары көрсеткіштер байқалады. Бұл үрдіс жаңа экономикалық модельге көшуге және Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттыруға айтарлықтай ықпалын тигізіп отыр.
«Мемлекет басшысы экономиканы әртараптандыруға, өңдеу өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығын дамытуға үлкен көңіл бөліп келеді. Соның нәтижесінде өңірлерде жаңа кәсіпорындар іске қосылып, жұмыс орындары ашылуда. Сенат депутаттары өткен аптада алдағы үш жылға арналған республикалық бюджетті қарап, облысқа қосымша қомақты қаржы бөлуге қолдау білдірді. Палата алдағы уақытта да өңірді дамыту бағытындағы жұмысты жалғастыра береді», – деп, Мәулен Әшімбаев облыстың әлеуетін арттыру жолындағы маңызды міндеттерге тоқталды.