Путин Украинадағы соғысты тоқтату шартын атады

Qaz365.kz редакциясы
AP

Ресей президенті Владимир Путин Украинамен соғыс тек украин әскерлері Донбастан кеткен жағдайда ғана аяқталатынын мәлімдеді. Бұл туралы ол 27 қарашада Бішкекте өткен баспасөз мәслихатында айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.

«Украина әскері қазір бақылауында ұстап отырған аумақтардан шыққанда ғана әскери әрекеттер тоқтайды. Ал егер шықпаса, біз оны қарулы күшпен жүзеге асырамыз», – деді Путин.

Ресей басшысы Мәскеудің келіссөздерге дайын екенін, бірақ қазіргі таңда мұны «заңдық тұрғыда іске асыру мүмкін емес» екенін айтты. Ол сондай-ақ Украина президенті Владимир Зеленскийдің легитимдігіне күмән келтіріп, Киев билігі «сайлаудан қашып, стратегиялық қателік жіберді» деп айыптады.

«Қол қойылған құжаттардың еш мәні болмайды, өйткені қазіргі украин билігі өз өкілеттігін заңды түрде ұзартқан жоқ», – деді Путин.

Украина Конституциясына сәйкес, Владимир Зеленскийдің президенттік мерзімі 2024 жылдың 20 мамырында аяқталған. Дегенмен елде әскери жағдай енгізілгендіктен, заң бойынша президенттік, парламенттік және жергілікті сайлаулар өткізуге тыйым салынады.

Путин Женевада өткен АҚШ пен Украина келіссөздерінің нәтижесі болашақтағы келісімдердің негізі болуы мүмкін екенін айтты.

«Америкалықтар бізге 28 тармақтан тұратын ұсыныстар пакетін төрт блокқа бөліп берді. Бірақ нақты шешімдер әзірге жоқ», – деді Ресей басшысы.

Ол сонымен қатар Мәскеудің Еуропаға шабуыл жасамауға жазбаша түрде уәде беруге дайын екенін жеткізді.

«Бұл күлкілі естіледі, өйткені біз ондайды ешқашан жоспарлаған емеспіз. Бірақ егер олар жазбаша түрде естігісі келсе, біз жазып бере аламыз», – деді Путин.

Reuters агенттігінің мәліметінше, АҚШ бастапқыда Ресейдің ұсыныстарын ескеріп, 28 тармақтан тұратын жоспар дайындаған, алайда кейін Украинамен кеңесуден соң құжат қысқарған.

Киев Мәскеудің үш басты талабын қабылдамаған:

  • Украина Қарулы күштерінің санын шектеу;

  • НАТО-ға кіруден бас тарту;

  • Донбастан әскер шығарып, оны Ресейге беру.

Украина президенті Владимир Зеленский бұл мәселелерді АҚШ президенті Дональд Трамппен талқылауға тырысқан, бірақ ол Киевтің ұсынысына жауап бермеген.