Оның айтуынша, депутаттардың санын көбейте берудің қажеті жоқ
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл әкімдерімен өткен кездесуде елде құрылатын бір палаталы Парламенттің құрамында Президенттің квотасы болмайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Мен биылғы Жолдауымда бір палаталы Парламент құру жөнінде бастама ұсындым. Бұл – еліміздегі саяси реформалардың заңды жалғасы. Біз “Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет” қағидатын нығайтамыз. Еліміз Президенттік Республика болып қала береді», – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің сөзінше, бұл бастама қоғамда белсенді талқыланып жатыр. Азаматтар тарапынан депутаттар саны халық санына сай, яғни пропорционалды болуы керек деген пікірлер айтылып жатыр.
«Егер осы ұсыныс ескерілсе, депутаттар саны 200-ге дейін жетуі мүмкін. Қазір қос палаталы Парламентте 148 депутат бар. Бірақ менің ойымша, олардың санын арттырудың қажеті жоқ. Керісінше, жұмысты оңтайландырып, тиімділікті арттыру маңызды», – деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы жаңа реформаның мәні жай ғана екі палатаны біріктіру емес екенін баса айтты.
«Бір палаталы жаңа Парламентте Президент квотасы болмайды. Барлық депутат тең негізде, жалпы сайлау тәртібімен сайлануы тиіс. Бұл — алдағы Парламенттік реформаның негізгі бағыты. Мұны халыққа түсіндіру қажет», – деді ол.