Мемлекет басшысы Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевті қабылдады

Qaz365.kz редакциясы
Akorda.kz

Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен кездесуде өңірдің негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері мен Алматы агломерациясын дамыту жоспары таныстырылды,- деп хабарлайды Qaz365.kz

Әкімнің айтуынша, соңғы үш жылда облыстың жалпы өңірлік өнімі 1,8 есе өсіп, 3,4 триллион теңгеден 6 триллион теңгеге дейін ұлғайған. Биылғы қаңтар–қазан айлары аралығындағы қысқа мерзімді экономикалық индикатор – 109,7%.

Өңірде халықаралық компаниялардың қатысуымен тағам өнеркәсібі, логистика және металлургия салаларында құны 470 млрд теңгеден асатын 13 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Сонымен қатар, биылғы тоғыз айда өңдеу өнеркәсібінің экспорты 28,5% артып, 618,5 миллион долларға жеткен. Экспорт құрылымының 90 пайызы жоғары деңгейде қайта өңделген өнімдерден тұрады.

Марат Сұлтанғазиевтің сөзінше, Алматы облысы ауыл шаруашылығына арналған мемлекеттік субсидияларды тиімді пайдаланатын жетекші өңірлердің бірі. Бір теңге субсидия 17 теңгеге дейін ауыл шаруашылығы өніміне айналады. Тауарлы сүт фермаларының саны 11-ге дейін көбейген.

Әлеуметтік саладағы көрсеткіштер де айтарлықтай. Биылғы он айда 950 мың шаршы метрге жуық тұрғын үй іске қосылды. Үш ауысымды мектептер саны 52-ден 28-ге төмендеген.

Кездесу барысында Қапшағай су қоймасы мен ұлттық табиғи парктер айналасында қалыптасып келе жатқан туризм кластерінің даму барысы да таныстырылды. Өңірге келген туристер саны 2,2 миллион адамға жетіп, бұл өткен жылмен салыстырғанда 36% өсім көрсеткен.

Мемлекет басшысы облыс әкіміне өңірдің өнеркәсіптік және аграрлық әлеуетін нығайту, логистиканы және туризм саласын дамыту, сондай-ақ тұрғындар көтеріп жүрген өзекті мәселелерді кешенді шешу бойынша бірқатар нақты тапсырма берді.