Зеленский: Украина НАТО-ға кіруден бас тартуға дайын

Qaz365.kz редакциясы
Ukrainian Presidential Press Service/Handout via Reuters

Украина президенті Владимир Зеленский Киевтің НАТО-ға мүшеліктен бас тартуға дайын екенін, бірақ бұл қадам тек АҚШ, Еуропа, Канада және Жапония тарапынан нақты әрі заңды қауіпсіздік кепілдігі берілген жағдайда мүмкін болатынын мәлімдеді. Бұл туралы ол журналистермен кездесу барысында айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Зеленскийдің айтуынша, Украина әзірлеген жаңартылған бейбіт келісім жоспары нақты құқықтық міндеттемелерді қамтуы тиіс. Президент бұл тұрғыда декларативті уәделер емес, НАТО жарғысының 5-бабына тең келетін нақты кепілдіктер қажет екенін атап өтті.

«Біз АҚШ пен Украина арасындағы екіжақты қауіпсіздік кепілдіктері туралы айтып отырмыз. Бұл кепілдіктер НАТО-ның 5-бабына ұқсас болуы керек. Сол сияқты бізге Еуропа елдерінен, Канада мен Жапониядан да осындай кепілдіктер қажет», – деді Зеленский.

Ол сонымен қатар Вашингтонның Украина ұсынған жаңа бейбіт жоспарға қатысты әзірге ресми жауап бермегенін, ал келіссөздердің табысы серіктестердің белсенділігі мен өзара түсіністігіне байланысты болатынын айтты.