Қазақстандық олигархтардың Дубайдағы екі вилласы 20,7 миллиардқа сатылды

Qaz365.kz редакциясы

Қайтарылған активтер: 577 сауда, 38,4 млрд теңгенің мүлкі сатылды

Фото: emirates.estate

«Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» өткізген жиында «Ескі Қазақстанның» «алпауыттарына» тиесілі болған екі вилланың 20,7 миллиардқа сатылғаны белгілі болды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Жиынды мәжіліс депутаты Марат Бәшімов жүргізді. 

Компанияның бас директоры Қуанышбек Мұқаштың айтуынша, биыл жалпы 577 электрондық сауда өтіп, соның ішінде 155 нысан жаңа иелеріне сатылған. Жалпы құны ҚҚС есепке алынбай 38,4 миллиард теңгені құраған. Ең қомақты сатылымдардың бірі — Астанадағы «Думан» қонақүйі, ол 14,1 миллиард теңгеге өткен. Ал Дубайда орналасқан екі вилла 20,7 миллиард теңгеге сатылған.

Сондай-ақ, кейбір мүліктер мемлекет меншігіне қайтарылып, тікелей Ұлттық музейге тапсырылған. Мұндай активтердің жалпы саны — 33, олардың ішінде жер телімдері, көне жәдігерлер және ежелгі монеталар бар.

«Компания құрылған сәттен бастап басқаруға жалпы құны 96,5 миллиард теңге болатын активтер берілген. 2025 жылы 577 электронды сауда өткізілді, олардың нәтижесінде 155 актив сатылып, жалпы құны (ҚҚС есепке алмағанда) 38,4 миллиард теңге болды. Бұл E-Qazyna платформасындағы процестердің тиімді әрі ашық екенін көрсетеді. Сатудан түскен табыс пен активтерді басқарудан түскен кірістерді қоса есептегенде, 38,3 миллиард теңге арнайы мемлекеттік қорға аударылды», — деп жазды «Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» ресми сайтында. 

Еске сала кетсек, бұған дейін Qaz365.kz редакциясы 30 желтоқсанда қайта саудаға шыққалы жатқан олигархтардың  бағалы заттары жайлы жазған болатын.