Ақ үйден Астанаға: Трамп Тоқаевқа сыйлық беріп жіберді

Qaz365.kz редакциясы
Telegram/ Ruslan Zheldibay

АҚШ президенті Дональд Трамп Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа бірнеше сыйлық жолдады. Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Оның айтуынша, сыйлықтар АҚШ президентінің Қазақстанның АҚШ-тағы елшісі Мағжан Ілиясовпен кездесуі барысында берілген. Әңгіме елшінің сенім грамоталарын тапсыру рәсімінен кейін өткен.

Кездесу кезінде Дональд Трамп Қасым-Жомарт Тоқаевпен өткен қараша айындағы Ақ үйдегі жүздесуін жылы еске алып, Қазақстан президентіне жеке ықыласын білдірген.

«АҚШ президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты терең ойлайтын, халықаралық үдерістерді жақсы түсінетін тәжірибелі мемлекет қайраткері әрі тамаша адам ретінде сипаттады», – деп жазды Руслан Желдібай.

Сондай-ақ Дональд Трамп Қазақстан президентіне символдық мәні бар Ақ үйдің кілтін және өз қолтаңбасы қойылған бейсболка сыйлаған.