Тоқаев ҰҚК-нің өкілеттігін кеңейтетін жарлыққа қол қойды

Qaz365.kz редакциясы
Ақорда

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілеттігін кеңейтуді көздейтін «Мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы» жарлыққа қол қойды. Құжат 2025 жылғы 25 желтоқсанда бекітілген, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Жарлықта мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыру мақсатында бірқатар функцияны қайта бөлу қарастырылған. Соның ішінде информаттандыру саласындағы мемлекеттік бақылаудың бір бөлігі енді Ұлттық қауіпсіздік комитеті құзырына өтеді.

Құжатқа сәйкес, Жасанды интеллект және цифрлық даму информаттандыру саласындағы мемлекеттік бақылауға қатысты өкілеттіктерінің бір бөлігін ҰҚК-ге береді. Бұл өкілеттік толық көлемде емес, нақты бағытпен шектеледі. Атап айтқанда, сөз критикалық маңызды ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым нысандарының ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы болып отыр. Яғни, ел үшін стратегиялық маңызы бар жүйелер мен сервистердің киберқауіпсіздігіне бақылау күшейтіледі.

Сонымен қатар жарлықта ҰҚК берілетін өкілеттік шегінде министрліктің құқықтары мен міндеттемелерінің құқықтық мирасқоры болып танылатыны көрсетілген. Бұл келісімшарттар, жауапкершілік пен рәсімдер де бірге өтеді дегенді білдіреді.

Жарлықта Үкіметке ҰҚК-пен бірлесіп тиісті заңнамалық түзетулерді әзірлеу тапсырылған. Бұдан бөлек, құжатты іске асыру үшін қажетті ұйымдастырушылық шаралар қабылдануы тиіс. ҰҚК өз тарапынан комитет туралы ережеге өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі ұсынысты Президенттің қарауына ұсынуы қажет. Жарлықтың орындалуын бақылау Президент Әкімшілігіне жүктелген.

Құжат қол қойылған күннен бастап күшіне енеді.

Еске салайық, бұған дейін Мемлекет басшысы мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру туралы жарлықпен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігін Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі ретінде қайта құрған болатын.