Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ресей президенті Владимир Путинмен Мәскеуде кездескен еді. Аталған кездесу қоғамда қызу талқыланып жатқан тұста Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи әлеуметтік желідегі жазбасында бұл жағдайға қатысты өткір пікір білдірді. Ол экс-президенттің шетелге сапарын жеке бастың қамымен байланыстырып, ел қауіпсіздігі тұрғысынан мәселе көтерді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
"Бұл не қылған сүмеңдеген жүріс?! Кезінде жеке өзі билеп-төстеп, бір шыбықпен айдаған халқы пана болмайтынын сезген сорақының қорлығы ғана ма? Әлбетте бұл тіленшектік Қазақстанға, қазаққа қарайлас қарекет емес, әдеттегідей тойымсыз жеке бастың қамы болса керек!" – деп жазды Бапи.
Депутаттың жазуынша, мемлекеттік құпияны білетін тұлғалардың – экс-президент, министр немесе өзге де лауазымды тұлғалардың шет елге шығуын заңмен реттеу қажет болуы мүмкін. Ермұрат Бапи мұндай шектеу Қазақстанның халықаралық міндеттемелері мен мемлекетаралық келісімдеріне қаншалықты қайшы келуі мүмкін екенін де көтеріп, заңгер-депутаттарға сауал жолдаған.
Сондай-ақ ол белгілі бір тұлғаларға ел қауіпсіздігіне байланысты алдын ала шекаралық «қызыл жалауша» қою тетігін енгізу мүмкіндігін талқылауды ұсынған. Депутат бұл қабылдаудың Кремль тарапынан қалай бағаланатыны беймәлім екенін атап өтіп, алайда экс-президенттің әрекетін Қазақстанның мемлекеттік билігі мен халқына саяси қысым ретінде қабылдауға бола ма деген сұрақ тастаған.
“Бұл қабылдаудың саяси мазмұнын Кремль қалай қабылдайтынын қайдам, ал экс-президенттің ішіндегі "қызыл иті" елдің мемлекеттік билігі мен Қазақстан халқына сес көрсетуі деп түсінеміз бе?” – деп түйді ол.
Айта кетейік, Нұрсұлтан Назарбаевтың Мәскеуге сапары мен Владимир Путинмен кездесуі ресми хабарламаларда мазмұндық тұрғыда ашып көрсетілген жоқ.