Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесті. Әңгіме барысында мемлекеттер басшылары Қазақстан мен Ресей арасындағы екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйін талқылады, деп хабарлайды Qaz365.kz Ақордаға сілтеме жасап.
Тараптар биыл Қазақстан–Ресей қарым-қатынасы мазмұнды әрі нәтижелі болғанын атап өтті. Әңгіме барысында екі ел байланысының жан-жақты стратегиялық серіктестік және одақтастық деңгейіне жетуі негізгі жетістіктердің бірі ретінде бағаланды.
Қазақстан Президенті Украинадағы қақтығысты реттеу жөніндегі келіссөздер процесінің ілгерілеуін құптап, берік уағдаластыққа қол жеткізу үшін саяси-дипломатиялық тәсілдерді жалғастырудың маңызын атап өтті.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Федерациясы Президентінің мемлекеттік резиденциясына шабуыл жасау әрекеттерін айыптайтынын жеткізді. Мемлекет басшысы мұндай қадамдардың бітімге келу үдерісіне және қақтығысты саяси жолмен шешу мүмкіндігіне кері әсер ететінін айтты.
Әңгіме соңында Қазақстан мен Ресей президенттері бір-бірін келе жатқан Жаңа жылмен құттықтап, екі ел халқына бақ-береке тіледі.