Тоқаев АҚШ-пен келіссөздерге жауапты өкілді тағайындады

Qaz365.kz редакциясы
Ақорда

Мемлекет басшысының өкімімен Ержан Хозеұлы Қазыханға Америка Құрама Штаттарымен ынтымақтастықтың өзекті мәселелері жөніндегі келіссөздер процесінде Қазақстан Республикасы Президентінің Өкілі міндеттері жүктелді, деп хабарлайды Qaz365.kz Ақордаға сілтеме жасап.

Ержан Қазыхан қазіргі уақытта Женева қаласында орналасқан Біріккен Ұлттар Ұйымы бөлімшесі мен басқа да халықаралық ұйымдар жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілі қызметін атқарып келеді.

Ержан Қазыхан – дипломатиялық қызметте мол тәжірибесі бар, төтенше және өкілетті елші дипломатиялық дәрежесіне ие кәсіби дипломат. Ол төрт бірдей мемлекеттік орденмен марапатталған. Сондай-ақ Қазақстанның сыртқы саясаты мен көпжақты дипломатия тақырыптарында жарияланған көптеген сараптамалық мақалалардың авторы. Ағылшын және араб тілдерін еркін меңгерген.

Бұл тағайындау Қазақстан мен АҚШ арасындағы стратегиялық әріптестікті нығайту бағытындағы жүйелі жұмыстың жалғасы ретінде қарастырылады. 2025 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ-қа екі рет ресми сапармен барған.

Бұған дейін Ақордада АҚШ елшісінің сенім грамотасын қабылдау кезінде Президент Қазақстанның Америка Құрама Штаттарымен көптеген салада стратегиялық әріптестікті сақтау және нығайту үшін барлық мүмкіндікті жасайтынын атап өткен болатын.