Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ президенті Дональд Трамп бастамашы болған Газа бойынша Бейбітшілік кеңесінің құрамына кіруге ресми шақырту алды. Ал Қазақстанға аталған кеңестің құрылтайшы мемлекеттерінің бірі болу ұсынылды. Бұл туралы Президенттің көмекшісі – баспасөз хатшысы Руслан Желдібай мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
АҚШ тарапы Газа секторындағы ахуалды реттеуге бағытталған халықаралық Бейбітшілік кеңесін құруды көздеп отыр. Құрылтайшы елдер ретінде қатысу жөніндегі ресми үндеулер бірқатар мемлекет басшыларына жолданған.
Атап айтқанда, Аргентина, Венгрия, Түркия, Пәкістан, Мысыр, Иордания, Қатар және Италия бұл ұсынысты алғанын растап, қатысуға келісім берген. Сондай-ақ шақырту Франция, Германия және Біріккен Араб Әмірліктері басшыларына да жіберілген, алайда олар әзірге ресми жауап берген жоқ.
«Мемлекеттер басшыларының бірқатар мәлімдемелерінен кейін АҚШ президенті Дональд Трамптан келген ресми үндеуді жасыру орынсыз болар еді. Иә, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әлемдік көшбасшылар арасында алғашқылардың бірі болып Бейбітшілік кеңесінің құрамына кіруге, ал Қазақстанға осы кеңесті құрушы мемлекеттердің бірі болуға ресми шақырту алды. Бұған жауап ретінде Мемлекет басшысы АҚШ президентіне шынайы алғысын білдіріп, жаңа бірлестікке қатысуға келісімін растайтын хат жолдады», – деді Руслан Желдібай.