Депутат қазіргі сайлау жүйесінің қоғамдағы тұрақтылыққа әсері жайлы сөз қозғады
Қызылордада өтіп жатқан Ұлттық құрылтайда депутат Ермұрат Бәпи Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған партиялық сайлау жүйесін қолдайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Ол бұл туралы Құрылтайдың «Азаматтық қоғам» секциясында партияда жоқ азаматтардың сайлау және сайлану құқы мәселесін көтере отырып айтты.
«Бірден айтайын, мен өзім бір мандатты сайлау жүйесі бойынша сайланған депутат бола тұрсам да, Президент Тоқаевтың өткен күздегі Халыққа жолдауында айтылған партиялық сайлау жүйесін қолдаймын», — деді Ермұрат Бәпи.
Депутаттың айтуынша, елде партияға мүше емес шамамен сегіз миллион азамат бар. Осынша адамның саяси өкілдіктен тыс қалуы алдағы парламенттік сайлаудың әділ өтуіне күмән тудыруы мүмкін. Оның пікірінше, мұндай жағдайда азаматтық қоғам сайлауға оң баға бермеуі мүмкін. Ал бұл қоғамдық тұрақтылыққа кері әсер етеді.
Депутат қазір сайлау заңында жастарға, әйелдерге және мүмкіндігі шектеулі адамдарға арнайы квота бар екенін еске салды. Оның айтуынша, осы тәжірибені партияға кірмеген азаматтарға да қолдануға болады. Алдағы уақытта бір палаталы парламентке қатысты заңдар қаралғанда, партиялық тізімдерге партияда жоқ адамдарға арналған жеке квота енгізуді ойластыру қажет.
Ермұрат Бәпидің пікірінше, бұл қадам саяси партияларды қоғамда белсенді жүрген, бірақ партия мүшесі емес азаматтарды ашық түрде өз қатарына тартуға итермелейді. Мұндай жағдайда партиялар праймериз арқылы іріктелген адамдарды тізімге қосып, олардың Парламентке өтуіне мүмкіндік бере алады. Бұл әртүрлі әлеуметтік топтардың өкілетті билікке қатысуына жол ашады.
Депутат партияда жоқ азаматтардың Парламенттегі үлесі артса, қоғамдағы наразылық азайып, елде жиналып қалған мәселелерді бірлесе шешу оңайырақ болады деп санайды. Оның айтуынша, мұндай тәсіл «Жаңа Қазақстан» идеясына да сай келеді.