Молдова Республикасы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы құрамынан ресми түрде шығуды жоспарлап отыр. Елдің ТМД-ға мүшелігінің құқықтық негізін құрайтын құжаттарды денонсациялау үдерісі бекіту сатысында, жақын уақытта тиісті материалдар парламент қарауына енгізіледі. Бұл туралы вице-премьер – сыртқы істер министрі Михай Попшой мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Денонсацияланатын құжаттар қатарында 1991 жылғы 8 желтоқсанда қол қойылған ТМД-ны құру туралы келісім, оның 1991 жылғы 22 желтоқсандағы қосымшасы және 1993 жылғы 22 қаңтарда Минскіде қабылданған ТМД Жарғысы бар.
Михай Попшойдың айтуынша, осы үш негізгі құжаттың күшін жою Молдованың ТМД құрамынан заңды түрде шығуына мүмкіндік береді.
«Біз де-факто біршама уақыттан бері қатысуымызды тоқтаттық, алайда құқықтық тұрғыдан әлі де мүшелік сақталып келді. Бұл шешім сол олқылықты жояды», – деді ол «Радио Молдова» эфирінде.
Вице-премьер шешім жақында қабылданғанын, алайда денонсациялау рәсімі қазірдің өзінде басталғанын атап өтті. Оның сөзінше, үкіметтегі рәсімдер ақпан айының ортасына дейін аяқталып, одан кейін мәселе парламентте қаралады.
Сонымен қатар, азаматтарға нақты пайда әкелетін ТМД аясындағы жекелеген келісімдер күшінде қала бермек. Дегенмен қысқа мерзім ішінде Молдова заңды тұрғыдан ТМД мүшесі болмайтынын ресми түрде жариялай алады.
Попшойдың мәліметінше, Молдова ТМД шеңберінде барлығы 283 келісімге қол қойған. Оның 71-і денонсацияланған, тағы шамамен 60 құжаттың күші жойылу сатысында тұр.
Айта кетейік, Молдова билігі ТМД-мен жасалған келісімдерді қайта қарау үдерісін Ресейдің Украинаға басып кіруінен кейін, 2022 жылдың ақпан айынан бастап жандандыра түскен. Ел басшылығының пікірінше, бұл келісімдердің бір бөлігі ескірген әрі іс жүзінде қолданылмаған.