Ермұрат Бапи «Халықтық парламент» жайында - Әбден қоштауға тұрарлық бастама

Qaz365.kz редакциясы

Сонда ғана халық оппозицияның қоғамды топтастыру күшіне сенетін болады

Ашық дереккөздерден

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ермұрат Бапи Фейсбук әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында танымал саясаткерлерден, журналистер мен экономистер, заңгерлерден құралған «Халықтық парламент» туралы өз пікірін білдірді, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі.

«Бұл жиынның соңы «партиялық пәтерлерден» сытылып шығып, оппозицияның жүйелі ұйымдық бірлігіне ұласатын болса, қоштауға әбден тұрарлық бастама. Сонда ғана халық оппозицияның қоғамды топтастыру күшіне сенетін болады. Сонда ғана протестік қозғалысқа нақты жетекшілік ететін оппозицияға ел буржуазиясы, шағын және орта бизнес сенім артып, үлкен үмітпен бет бұрады», - делінген депутат қалдырған жазбада.

 

Халық қалаулысы сонда ғана биліктің оппозицияны тұтасқан күш ретінде мойындайтынын, оның саяси талаптарымен санасуға мәжбүр болатынын айтады.

«Сондықтан, бұл бастама кейіннен бытырап кетпейтін жүйелі оппозицияның темірқазық діңгегіне айналу үшін, «жеке батырлық» амбицияны доғару қажет! Елдің ұлттық ертеңі мен мемлекетшіл мүддені бірінші кезекке қоятын, өзін ғана керемет санайтын солақай саясаткерлік романтикадан ада болған мұндай алапат бастаманы мен жан-тәніммен қолдаймын! Іске сәт!» - деп қолдады Ермұрат Бапи жаңа ұйым мүшелерін.

Айта кетейік, бүгін Алматыда «Халықтық парламенттің» алғашқы отырысы өтті.