Депутаттар кімнің вице-президент болатынын топшылап көрді

Qaz365.kz редакциясы

Қазақстанда мемлекеттік кеңесші лауазымы алынып тасталады

Коллаж: Qaz365.kz

Бүгін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында мемлекеттік кеңесші лауазымын алып тастап, вице-президент қызметін енгізуді ұсынған болатын. Ulysmedia.kz тілшісі Құрылтай мүшелерінен кімнің бұл қызметке лайық екенін сұрап білді,  деп хабарлайды Qaz365.kz

Ермұрат Бәпи журналистердің сұрағына нақты жауап бере алмады. 

«Оны қалай айтасың? Айта алмаймын», — деді Бәпи. 

Ал Ерлан Саиров: «Президентпен қиындықта да бірге болған бір адам бар. Ол — Ерлан Қарин», — деді.

«Мен мұны айтуға құқығым жоқ және этиканың бұзылуы болып саналады. Өзім байқап, ойлап тұрғаным бар. Вице-президент неге сенат, бұрынғы парламент төрағасына билікті бермейді? Президент қандай да бір жағдайда биліктен кетсе, оның жұмысын кім атқарады? Бізде осы уақытқа дейін парламент басшысы болды. Бірақ парламент ол басқа билік. Ал президент бір өзі шешім шығаратын, бүкіл жауапкершілікті өзіне алатын адам. Бүгін президент не деп айтты? “Мен бүкіл жауапкершілікті өзім аламын, мен жауап беремін” деді. Менің ойымша президент сондай адамды таңдауы керек (вице-президенттікке). Президентке тән қасиеттері бар, өзіне батыл жауапкершілік ала білетін, стратегиялық көзқарасы, азаматтық құндылығы, адами қасиеті бар адам бола алады. Бізде ондай кандидаттар көп емес, бірақ бар», —  деді Мұрат Әбенов.

Жалпы депутаттар «нақты кімнің болатынын айта алмаймын» дегенмен ең жиі айтылған тұлғалардың бірі – Ерлан Қарин. Құрылтай өткен күні мемлекеттік кеңесші қызметінің алынуы көпшілікке жай кездейсоқ шешім емес сияқты көрінді. Бұл лауазым идеология, саясат және мемлекеттік органдар арасындағы үйлестірумен айналысқандықтан, оның міндеттері болашақта вице-президент қызметіне біріктірілуі мүмкін деген пікір бар. Үміткерлер қатарында Мәулен Әшімбаевтың да аты аталады. Ол жоғары билік жүйесінде ұзақ жыл еңбек еткен, салмағы бар саясаткер. Егер парламент реформаланып, оның атауы «Құрылтай» болып өзгерсе, Әшімбаевтың қазіргі рөлі қайта қаралуы мүмкін. Сондай-ақ президент командасындағы негізгі басқарушылардың бірі саналатын Аида Балаева да аталады. Ол ішкі саясатқа, әлеуметтік мәселелерге және қоғаммен байланысқа жауап береді. Бұл бағыттар билік үшін аса маңызды саналатындықтан, оның есімі де үміткерлер тізімінде жүр.

Бұдан бөлек, Президент әкімшілігінің басшысы Айбек Дәдебай да болуы мүмкін үміткер ретінде айтылады. Ол негізгі саяси үдерістерді үйлестіруге тікелей қатысып, президенттің күнделікті жұмысына жақын жүрген тұлға.
Сонымен қатар атқарушы билік пен саяси жүйеде тәжірибесі бар Ерлан Қошанов пен Жеңіс Қасымбек те аталды. 

Еске сала кетсек, бұған дейін президент мемлекеттік кеңесші лауазымын алып, вице-президент қызметін енгізуді ұсынған еді.