Бейбітшілік кеңесіне қол қою кезінде Тоқаев пен Трамп не туралы сөйлесті

Qaz365.kz редакциясы
Ақорда

Давоста өткен Бейбітшілік кеңесінің Жарғысына қол қою рәсімі кезінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен АҚШ Президенті Дональд Трамп арасында қысқаша әңгіме болған. Видео жазбада Мемлекет басшысының Трампқа жақындап, бірнеше сөз айтқаны, ал АҚШ Президентінің жауап ретінде оның иығынан қаққаны байқалады, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Осы жайтқа байланысты ҚР Президентінің көмекшісі – баспасөз хатшысы Руслан Желдібай түсініктеме берді. Оның айтуынша, бірқатар бұқаралық ақпарат құралдары Давостағы рәсім барысында өткен әңгіме мазмұнына қатысты сауал жолдаған.

Руслан Желдібайдың мәлімдеуінше, Қасым-Жомарт Тоқаев Дүниежүзілік экономикалық форум аясында таратылған «Президент Дональд Трамптың 365 күн ішіндегі 365 жеңісі» атты ресми құжатқа назар аударған. Құжаттың 177-тармағында Қазақстанның Ибраһим келісімдеріне қосылғаны жетістік ретінде көрсетілген.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Америка көшбасшысына ішкі саясатты ақыл-парасатқа негіздеп жүргізуде табыс тілеген.

Өз кезегінде Дональд Трамп Бейбітшілік кеңесін құру туралы бастамасына қолдау білдіргені үшін Қазақстан Президентіне алғыс айтқан.