Қазақстан Бейбітшілік кеңесіне ешқандай қаржылық жарна төлемей қосылды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Мәліметке сәйкес, Кеңестің Жарғысында көрсетілген 1 млрд АҚШ доллары көлеміндегі ерікті жарна ұйымға мүше болудың міндетті шарты болып саналмайды. Бұл – әр мемлекеттің өз қалауына байланысты шешім.
Ақорда түсіндіргендей, егер мемлекет аталған жарнаны алғашқы бір жыл ішінде төлейтін болса, онда оның Кеңестегі мүшелік мерзімін үш жылдан кейін ұзарту мүмкіндігі қарастырылады. Алайда жарна төлемеу мүшелікке кедергі келтірмейді.
«Бейбітшілік кеңесіне кіру үшін мемлекеттің егемен шешімі жеткілікті. Кеңеске қосылған сәттен бастап мүшелік мерзім үш жылды құрайды», — делінген ресми хабарламада.
Осылайша, Қазақстан Бейбітшілік кеңесіне Жарғы талаптарын толық сақтай отырып, қандай да бір қаржылық міндеттеме алмай кірген.