Бұл туралы Президенттің құқықтық мәселелері бойынша көмекшісі Ержан Жиенбаев айтып берді
Конституциялық реформаны талдау барысында Ержан Жиенбаев Вице-президенттің өкілеттігіне қатысты конституциялық өзгерістерге тоқталды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Жиенбаевтың айтуынша, Вице-Президентті Құрылтайдың келісімімен Президент тағайындайды.
«Вице-Президентті жалпы депутаттар санының көпшілік дауысымен білдірілген Құрылтайдың келісімімен Президент тағайындайды», – деді Ержан Жиенбаев.
Сонымен қатар ол Вице-Президентті қызметінен босату да Президенттің құзырында болатынын атап айтты.
Жиенбаев Вице-Президенттің Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындайтынын мәлімдеді.
«Президенттің тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасының халықаралық қатынастардағы мүдделерін білдіреді», – деді ол өз сөзінде.
Бұдан бөлек, вице-президент Құрылтаймен, Үкіметпен және өзге де мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл барысында Президенттің атынан өкілдік ететін болады.
Сонымен қатар Вице-Президент Қазақстан Республикасы Президенті атынан Қазақстан Республикасының және шетелдердің қоғамдық-саяси, ғылыми және мәдени-ағартушылық ұйымдарымен қарым-қатынас орнатады.
«Вице-Президенттің өзге де өкілеттіліктері Президентпен айқындалады», – деп түсіндірді Ержан Жиенбаев.
Жиенбаевтың айтуынша, Вице-Президент институтының енгізілуіне байланысты Конституциядан Мемлекеттік кеңесші туралы нормалар алынып тасталады.
«Конституция деңгейінде Вице-Президентке қойылатын талаптарды көздеу қажет», – деген ойын білдірді Президенттің көмекшісі.
Оның ұсынысы бойынша, Вице-Президент өкілді органның депутаты болмауы, өзге де ақылы лауазымдарды атқармауы және кәсіпкерлік қызметпен айналыспауы тиіс. Сонымен қатар өз өкілеттіктерін жүзеге асыру кезеңінде Вице-Президент саяси партияның мүшесі болмауға тиіс.
«Мұндай тәртіп саяси бәсекелестікті арттыруға және барлық партиялардың дамуы үшін тең жағдайды қамтамасыз етуге бағытталған ұстанымға сәйкес келеді», – деп есептейді Ержан Жиенбаев.