Иранның Денсаулық сақтау министрлігіндегі екі жоғары лауазымды дереккөз Time журналына 8–9 қаңтар күндері ел аумағында өткен жаппай наразылықтар барысында шамамен 30 мың адам қаза тапқан болуы ықтимал екенін айтқан. Олардың мәліметінше, қауіпсіздік құрылымдары қолданған күш көлемі соншалық, сол күндері мәйіттерді жинау мен тасымалдау жүйесі істен шыққан, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Басылым келтірген деректерге сәйкес, мәйітке арналған қаптар тапшылығы туындап, жедел жәрдем көліктерінің орнына ірі жүк көліктері пайдаланылған. Бұл көрсеткіштер билікке тиесілі, жарияланбаған ішкі есепте көрсетілген 3 117 адамнан да, құқық қорғау ұйымдары жинаған мәліметтерден де едәуір жоғары.
АҚШ-та орналасқан Human Rights Activists News Agency ұйымы сенбі күні 5 459 адамның қаза тапқанын растағанын, тағы 17 031 өлім жағдайы тексеріліп жатқанын хабарлады. Дегенмен Time тілшілері бұл сандарды тәуелсіз дереккөздер арқылы растау мүмкін болмағанын атап өтеді. Соған қарамастан, Денсаулық сақтау министрлігі ұсынған мәліметтер дәрігерлер мен жедел медициналық қызмет мамандары жинаған деректерге жақын екені айтылады.
Неміс-ирандық офтальмохирург Амир Параста жасаған талдау бойынша, ауруханалардағы жасырын тіркеу деректері қаза тапқандар саны 30 304 адамға жеткенін көрсетеді. Алайда бұл есепке әскери госпитальдарда көз жұмғандар, мәйітханаларға тікелей жеткізілгендер және зерттеу қамтымаған өңірлер кірмеген. Иран Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің мәліметінше, наразылық шаралары елдің шамамен 4 мың елді мекенін қамтыған.
Наразылықтар 2025 жылғы 28 желтоқсанда бағаның күрт қымбаттауына қарсы басталып, кейін 1979 жылғы Ислам революциясынан бері билікте отырған жүйеге қарсы кең ауқымды қозғалысқа ұласқан. Алғашқы аптада қауіпсіздік күштері өлімге әкелетін құралдарды қолданбағанымен, 8 қаңтарда жағдай ушығып, елде интернет толық өшірілген. Байланыстың үзілуі мен ақпараттың шектелуі қаза тапқандардың нақты санын анықтауды қиындатып отыр.