Қазақстанда Конституциялық комиссия жаңа Конституцияның алғашқы жобасын әзірледі. Бұл туралы Конституциялық сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Оның айтуынша, жоба преамбуладан, 11 бөлім мен 95 баптан тұрады. Құжатты әзірлеу барысында соңғы алты айда азаматтардан, қоғамдық ұйымдардан, саяси партиялар мен сарапшылардан түскен ұсыныстар, сондай-ақ комиссия мүшелерінің пікірлері мен ұсынымдары ескерілген.
Жобаның «Конституциялық құрылыстың негіздері» атты бірінші бөлімінде Қазақстан унитарлы мемлекет, басқару нысаны – президенттік республика ретінде айқындалған. Әкімшілік-аумақтық құрылымды қарапайым заңмен емес, конституциялық заңмен белгілеу ұсынылады. Суверенитет пен тәуелсіздік, унитарлық құрылым, аумақтық тұтастық және басқару нысаны қол сұғылмайтын құндылықтар қатарына енгізілген. Сондай-ақ суверенитеттің халыққа тиесілі екені нақты жазылған.
Жаңа Конституция жобасында Қазақстанның сыртқы саясат негіздері жаңартылып, Қазақстан Республикасының Конституциялық соты халықаралық ұйымдар шешімдерінің орындалуын бағалау құқығына ие болады. «Республикалық референдум» ұғымы «жалпыхалықтық референдум» деп өзгертіліп, меншік қатынастарына қатысты нормалар толықтырылған. Сонымен бірге қылмыстық процесте әр адамның жеке бас бостандығын қорғау кепілдіктерін күшейту ұсынылған.
Құжатта президент сайлауын өткізу мерзімдері, ант қабылдау тәртібі бекітіліп, Мемлекет басшысының өз еркімен отставкаға кету құқығы да қарастырылған. Ал мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин «қоғамның рухани-адамгершілік құндылықтар жүйесі» ұғымына қатысты түрлі пікірлерге байланысты оның БҰҰ-ның халықаралық пактілеріне сай қайта тұжырымдалғанын атап өтті.
Комиссияның алтыншы отырысын қорытындылаған Конституциялық сот төрайымы Эльвира Азимова азаматтардың танысуы үшін Конституция жобасының мәтінін «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінде, сондай-ақ Конституциялық соттың ресми сайтында жариялауды тапсырды.
Азаматтар жобамен танысқаннан кейін комиссия жұмысы жалғасады. Жаңа Конституцияда мемлекеттіліктің іргелі негіздері сақталып, адам, оның құқықтары мен бостандықтары ең жоғары құндылық ретінде белгіленгені, сондай-ақ биліктің есептілігі мен құқықтарды қорғау тетіктерін нығайту көзделгені атап өтілді.