ШҚО-дан Конституциялық комиссия құрамына екі адам енді

Qaz365.kz редакциясы

ШҚО-дан Конституциялық комиссия құрамына екі адам енді. Облыс әкімдігінде Конституциялық реформалар мәселесіне арналған жиын өтті, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Басқосуға ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысып, Ата Заңға енгізілетін өзгерістердің маңыздылығына тоқталды. Аймақ басшысының айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қаулысымен құрылған Конституциялық реформа жөніндегі комиссия құрамына 130 адам енген. Олардың қатарында шығысқазақстандықтар, яғни облыстық мәслихат төрағасы Денис Рыпаков пен өңірлік қоғамдық кеңес төрағасы Аяужан Әшімова бар.

«Ата Заңға өзгеріс енгізу мемлекет негізіне, қоғамдық келісімге тікелей әсер ететін маңызды қадам. Сондықтан бұл мәселе жабық форматта емес, ашық әрі жария түрде талқылануда», – деді Нұрымбет Сақтағанов.

Жиында атап өтілгендей, жаңа Конституция жобасы қоғам сұранысы мен заман талабына сай әзірленген. Құжатта Қазақстанның демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет екені нақты айқындалған. Ұсынылып отырған жобада Кіріспе, 11 бөлім және 95 бап қамтылған.

Өңірлік қоғамдық кеңес төрағасы Аяужан Әшімова комиссия жұмысының ашықтығын қамтамасыз ету бағытында қабылданған шаралар туралы баяндады.

«Конституциялық комиссия барлық ұсынысты ескере отырып, келісілген түзетулердің жинақталған жобасын әзірледі. Нәтижесінде 77 бапқа өзгеріс енгізілді. Бұл Конституция мәтінінің 84 пайызын қамтиды», – деді ол.

Жиын қорытындысында облыс әкімі заң мен тәртіп үстемдік құрған, әділетті, қауіпсіз әрі таза Қазақстанды құру – әрбір азаматтың ортақ міндеті екенін атап өтті.