Құжат сөз бостандығы, ғылыми, техникалық және көркем шығармашылық кепілдігін, зияткерлік меншіктің қорғалуын күшейтеді
Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы ел дамуы сапалы жаңа кезеңге – басты назарда адам, оның білімі, мәдениеті мен интеллектуалды әлеуеті тұрған кемел мемлекет кезеңіне қадам басқанын айқындап отыр. Мәжілістегі «AMANAT» партиясы фракциясының жиналысында депутат Нартай Сәрсенғалиев Ата заңның жобасына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Оның айтуынша, бірінші Конституция қабылданғаннан бері ширек ғасырдан астам уақыт өтті, сол аралықта әлеуметтік-экономикалық жағдай ғана емес, қоғамның сұраныстары да өзгерді. Сондықтан жаңа Конституция бұрынғы мәтіннің жай ғана өзгертілген нұқасы емес, толығымен жаңа масштаб пен мазмұндағы құжат.
«Жаңа редакциядағы Ата заңның мәтіні айқын және нақты жазылған. Жаңа Конституция заң мәтіндері әрдайым ауыр және түсініксіз болуы керек деген қасаң қағиданы жоққа шығарады. Құжат жеңіл, анық әрі әрбір азаматқа түсінікті тілмен жазылғаy», – дейді Нартай Сәрсенғалиев.
Депутат Конституциядағы маңызды жаңашылдық адам капиталының мемлекеттің стратегиялық басымдығы ретінде бекітілуі екенін атап өтті. Алғаш рет конституциялық деңгейде білім, ғылым және инновацияларды дамыту мемлекеттік саясаттың негізгі бағыты ретінде белгіленген.
«Шикізатты сату басты жетістік саналатын дәуір келмеске кетті. Бүгінгі басты капитал – адамның интеллектісі. Жаңа Конституцияда адам капиталын, білімді, ғылым мен инновацияны дамыту мемлекет қызметінің стратегиялық бағыты деп нақты жазылған. Бұл ғалымдар, шығармашыл адамдар мен жастар үшін үлкен сигнал», – деді ол.
Сәрсенғалиевтің айтуынша, құжат, сонымен қатар, сөз бостандығы, ғылыми, техникалық және көркем шығармашылық кепілдігін, зияткерлік меншіктің қорғалуын күшейтеді. Бұл нормалар өз пікірін білдіруден қорықпай, елдің дамуына қызмет ететін адамдарға стимул болады.
Депутат халық егемендігі туралы негізгі ережеге де назар аударды. Жаңа Конституцияда мемлекеттік биліктің бірден-бір көзі және егемендіктің иесі Қазақстан халқы деп нақты жазылған.
«Бұл түбегейлі маңызды норма. Ол Конституция ең алдымен қарапайым азаматтарға, әсіресе әлеуметтік жағынан қиын жағдайда жүргендерге тірек болуы керек дегенді білдіреді. Халықтың әл-ауқатын арттыру мемлекеттік саясаттың басты критерийіне айналуда», – деп атап өтті ол.
Сөз соңында Нартай Сәрсенғалиев жаңа Конституцияны ескі Ата заңмен салыстыру дұрыс емес екенін айтты, өйткені олар әртүрлі тарихи кезеңге сәйкес келеді. Егер алдыңғы Ата заң жас тәуелсіз мемлекеттің қалыптасуын қамтамасыз етсе, қазіргі құжат аяғынан нық тұрған және болашағына сеніммен қарайтын елге арналған.
«Бұл Конституция жаңадан құрылған мемлекеттің емес, шекарасы бекіген және өз болашағын айқын көретін егеменді елдің құжаты. Ұзақ мерзімге есептелген тарихи құжат, ұзақ мерзімге есептелген», – деп түйіндеді сөзін депутат.