Мәжіліс депутаты, «Ақ жол» демократиялық партиясы фракциясының мүшесі Қазыбек Иса Парламент қабырғасында мемлекеттік тіл үшін ең көп күрес жүргізген депутаттардың бірі екенін мәлімдеді. Бұл туралы ол Мәжілістің жалпы отырысында конституциялық реформа бойынша сөйлеген сөзінде айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Депутаттың сөзінше, мемлекеттік тіл мәселесін заңнамалық деңгейде көтерген кезде қолдау таппай, керісінше қарсылыққа тап болған кезеңдер де аз болмаған.
«Осы Парламентте қазақ тілі үшін менен артық күрескен ешкім жоқ. Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау жөнінде депутаттық сауал жасағанымда, бір ауыз қолдау білдірмей, қайта қазақ тіліне қарсы шыққандар болды. Ал қазір солар тіл туралы “ақыл айтқышқа” айналып отыр», – деді Қазыбек Иса.
Ол соңғы жылдары Парламенттегі тілдік ахуалдың айтарлықтай өзгергенін атап өтті. Депутаттың айтуынша, бүгінде Мәжілісте депутаттардың 90 пайызға жуығы қазақ тілінде сөйлейді, ал өзге этнос өкілдері де мемлекеттік тілді меңгеруге бет бұрған.
Қазыбек Иса 2024 жылы «Ақ жол» партиясының бастамасымен Қазақстан азаматтығын алу үшін мемлекеттік тілден емтихан тапсыру талабын заңға енгізу маңызды қадам болғанын айтты. Оның пікірінше, бұл норма елдің ұлттық қауіпсіздігі мен тіл мәртебесін күшейтеді.
Сонымен қатар депутат мемлекеттік қызметке тұру үшін қазақ тілін білу міндетін күшейтіп, тілдік тест жүйесін қайта қарау қажеттігін жеткізді. Ол қазіргі геосаяси жағдайда тіл мәселесі ішкі саясат аясынан шығып, ұлттық қауіпсіздік факторына айналғанын атап өтті.
«Мемлекеттік тіл – ұлтымызды ұйыстыратын басты құндылық. Тәуелсіздікті алу қаншалықты қиын болса, оны сақтау да соншалықты жауапты міндет. Сондықтан тіл мәселесіне байыппен, бірақ табандылықпен қарауымыз керек», – деді депутат.
Қазыбек Иса Жаңа Конституция жобасында ұлттық құндылықтар, мемлекеттік тіл мен құқықтық егемендіктің айқын көрініс табуын қолдайтынын білдіріп, құжатты ел болашағы үшін маңызды қадам деп бағалады.